Марат Шибұтов жаңа Конституция туралы қауесетті, жорамалдар мен жалған ақпаратты жария түрде жоққа шығарды

134

Саясаттанушы жаңа Конституция туралы қауесеттерге жауап берді. 

Марат Шибұтов жаңа Конституция туралы қауесетті, жорамалдар мен жалған ақпаратты жария түрде жоққа шығарды Фото: Конституциялық сот

Саясаттанушы Марат Шибұтов жаңа Конституция жобасына қатысты әлеуметтік желілерде тараған қауесеттерді, жорамалдар мен жалған ақпаратты жария түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сонымен қатар ол Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында Президент пен Құрылтай арасындағы кадрлық өкілеттіктерді бөлу мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Комиссия мүшесі отырыстар арасындағы үзіліс барысында әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына қатысты шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат пен жалған хабарламалардың көптеп таралып жатқанын байқағанын айтты.

"Кейбір азаматтар Комиссия жұмысы туралы, сол Комиссияның отырыстарына тікелей қатысып жүрген менен де көбірек білетіндей әсер қалдырады", – деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Конституция жобасы кез келген азаматтың танысуы үшін ашық түрде жарияланғанына қарамастан, ақпаратты әдейі бұрмалау фактілері тоқтамаған.

"Менің ойымша, бұл енді жай ойын немесе танымал болуға ұмтылыс емес, бұл – қасақана әрекет", – деп атап өтті Марат Шибұтов.

Спикер "жаңа Конституция жобасы саяси монополияға әкеледі" деген пікірдің негізсіз екенін жеткізді. Оның айтуынша, құжатта мұндай жағдайға жол бермейтін жаңа өкілді орган – Халық кеңесін құру көзделген.

Саясаттанушы бұл мәселені нақтылай түсіндірді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Сенаты 40 мәслихат депутатының өкілдерінен, Президент квотасы бойынша тағайындалатын 5 адамнан және Қазақстан халқы Ассамблеясының 5 өкілінен құралады.

Ал жаңа Конституция жобасына сәйкес құрылатын Халық кеңесінің құрамына мәслихат өкілдерімен қатар қоғамдық кеңестердің мүшелері енгізіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясынан өкілдер саны 5-тен 42-ге дейін арттырылып, қоғамдық ұйымдардан 42 өкіл қосылады. Осылайша, жаңа саяси институттағы азаматтық өкілдік деңгейі Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткішке жетпек.

"Халық кеңесі көптеген азаматтар үшін саясатқа қатысу мүмкіндігінің шегін айтарлықтай төмендетеді. Бұрын-соңды мұндай мүмкіндік болмаған. Бұл – өте маңызды бастама", – деді Марат Шибұтов.

Сонымен қатар ол Конституциялық комиссия жұмысының "жабықтығы" және оның "құрамы дұрыс емес" деген сын-пікірлерге де жауап берді.

"Отырыстардың тікелей эфирде көрсетіліп жатқанын ескерсек, Комиссия жұмысы жабық деген пікір негізсіз. Бізді барлық тараптан бейнекамералар түсіріп отыр", – деді саясаттанушы.

Сондай-ақ ол Комиссия құрамындағы 130 мүшенің 44-і қоғамдық ұйымдар, қоғамдық кеңестер, бұқаралық ақпарат құралдары, білім беру және ғылыми ұйымдардың өкілдерінен тұратынын атап өтті.

"Менің ойымша, бұл құрам қоғамдағы түрлі көзқарастардың ескерілуін қамтамасыз етеді", – деді Марат Шибұтов.

Баяндамасының негізгі бөлігіне көше отырып, саясаттанушы Президент пен Құрылтай арасындағы кадрлық өкілеттіктерді бөлу мәселесіне тоқталды.

Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасына сәйкес, Құрылтай келесі лауазымды тұлғаларды тағайындауға немесе тағайындауға келісім беруге құқылы болады: Премьер-министр, Вице-президент, Конституциялық соттың 10 судьясы, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесі, Жоғарғы аудиторлық палатаның 8 мүшесі және Жоғарғы соттың барлық судьялары.

Осыған байланысты Президент Орталық сайлау комиссиясының 2 мүшесін, Жоғарғы аудиторлық палатаның 2 мүшесін және Конституциялық соттың 4 судьясын тағайындау құқығынан айырылады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының конституциялық органдардың басшыларын, атап айтқанда, Конституциялық соттың, Жоғарғы соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғарғы аудиторлық палатаның төрағаларын, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және өзіне бағынысты немесе есеп беретін мемлекеттік органдардың басшыларын тағайындау жөніндегі өкілеттігі сақталады.

"Мұндай өкілеттіктерді бөлу жүйесі Президент пен Құрылтай арасындағы саяси институттар ретіндегі тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деп қорытындылады Марат Шибұтов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу