Марина Курносова Азия құрлығының ең мықты веложарысшысы атанды

818

Марина Курносова Азия құрлығының ең мықты веложарысшысы атанды

Велоспорт бойынша Азия чемпионатының қыздар арасындағы жеңімпазы Марина Курносованы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайынан салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Естеріңізге сала кетейік, велоспорттан Азия чемпионаты 8-12 ақпан аралығында Нейпьидо (Мьянма) қаласында өтті. Жарысқа 30-дан аса елдің спортшылары қатысты.

Астанадағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі өзінің спорттық карьерасында Азия юниор біріншілігінде алтын медальді жеңіп алды.

Спортшының жеке жаттықтырушысы Владимир Березиннің айтуынша, Марина жарысқа үш ай дайындалған.

"Осы чемпионатқа біз үш ай дайындалдық, алдымызға тек қана бірінші орын аламыз деген нақты мақсат қойдық. Марина – сирек кездесетін талантты, еңбекқор және алғыр қыз. Мен оған сендім және ол үмітімізді ақтады", – дейді жаттықтырушы.

Оның айтуынша, Астанадан жарысқа екі спортшы қатысты, олар Марина Курносова мен жастар арасында үздік болған Данил Пронский.

"Қазақстан құрамасы үш медаль жеңіп алды, екі алтын, бір қола. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш", – дейді Владимир Березин.

8 ақпандағы 11 км қашықтықтағы жеке жарыста қыздар арасында Азия чемпионатының алтынын Марина Курносова жеңіп алды, ал 11 ақпан күні 72 км топтық жарыстың соңғы секундында екінші орынды жіберіп алып, 3-орынға тұрақтады. 

"Климат ауысқандықтан кішкене қиындау болды, оның үстіне барлық күшімді осы жарысқа салдым. Бастысы өзімді мақтан тұттым. Жарыстың тұғырына шығып, Қазақстанның әнұраны шырқалған кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Бұл менің шекарадан асып шыққандағы ең алғашқы жеңісім", – дейді Марина Курносова.

Айта кетейік, Марина Курносова – ҚР спорт шебері, 2017 жылы жастар ойынының чемпионы, 2016, 2017 жылдың шоссе мен тректен ҚР чемпионы, өткен жылы Азия чемпионатында спортшы 2-орынды иемденген болатын. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу