Марк Цукерберг Еуропарламент алдында есеп беріп, парламент мүшелерінің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды The Verge-ге сілтемемен egemen.kz.
Еуропарламент мүшелері Facebook директоры Марк Цукербергке бір сағатқа созылған жиын барысында мәліметтер қауіпсіздігі, дезинформация, монополия туралы сұрақ қойды. Цукерберг мәліметтер қауіпсіздігі туралы айта келе Facebook қолданушылардың жеке ақпараттарын сұрайтын мыңдаған қосымшалармен жұмыс істейтінін, бұл мәселені шешу үшін аздаған уақыт керек екенін айтты. Ал террорға қатысы бар аккаунттар арнайы компьютерлік жүйелер арқылы автоматты түрде өшіріліп отыратынын айтты.
"Дезинформацияға келер болсақ, Facebook жалған ақпарат тарататын адамдардың экономикалық стимулын анықтауға тырысатын болады", - деді ол.
Еуропарламент мүшелері Facebook компаниясындағы монополиялық билік туралы да сұрақтар қойды. Манфред Вебер "Монополияны жою керек. Facebook-ті бірнеше ірі компанияға бөлетін уақыт жетті деп ойлаймын", - деді.
Бұған жауап ретінде Марк Цукерберг Facebook компаниясының әлемдік жарнаманың 6 пайыз үлесін қамтитынын атап өтті әрі көптеген жаңа талаптарға деген сұраныстардың артуынан компания үнемі жаңа нарыққа бейімделіп отыратынын атап өтті.