Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев өңірде туризмді дамыту мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бозанбай ауылында ұлттық спорт түрлерінің құзыреттілік орталығы ашылуда. Оны әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан басқарады. Қонақжай үйлері ұйымдастырылған туризмнің үлгісіне және тұрғындардың табыс көзіне айналды. Катонқарағайдағы Коробиха ауылы бүгінде бүкіл елге мәлім. Ондағы әрбір үй алажаздай турист қабылдап, толайым табысқа жетіп отыр. Қазір Зимовье және Поперечное ауылдары осы бағытта дамып келеді. Табиғаты әсем, айналасы таулы аймаққа қысы-жазы келушілер жеткілікті. Риддер қаласында белсенді демалыс және тау шаңғысы спортымен шұғылдануға арналған кластер қалыптастыруды жоспарлап отырмыз", – деді ШҚО әкімі брифингте.
Айтуынша, Катонқарағай ауданында 4 және 2-3 жұлдызды қонақ үйлер салынады.
Жыл басынан туристік саладағы инвестициялар көлемі 23%-ға, қонақтарды орналастыру көлемі 50%-ға, ал демалушылар саны 20%-ға артты.
"Тағы бір жаңалық – Қытай тарапымен бірлесіп Марқакөл және Қанас (Қытай) көлдері арасында трансшекаралық туристік маршрут ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ол үшін Марқакөл ауданындағы Теректі және Қытай жағындағы Ақтүбек ауылдары маңында жаңа шекара өткелін ашу және Марқакөл көліне дейінгі жол құрылысы мәселелері пысықталып жатыр", – деді Ермек Көшербаев.
Өңір басшысы биылғы көктемнен бастап Қытай тарапымен бірге келіссөз жүргізіліп жатқанын айтты.
"Келесі жылы бір келісімге келсек, керемет болар еді. Қанас көлі Марқакөлге қарағанда кішкентай. Қытайдың ішінде ол жерге 10-15 млн туристер келеді. Қанас көлінің жанында халықаралық әуежай құрылған. Күнде 15-20 үлкен лайнер туристерді алып келеді. Қытайдың туристік компаниялары Қанас көлінен Марқакөлге барып, соны көрсек деп сұрап отыр. Бүгінде Марқакөлге апаратын жол тек қана Зайсан арқылы өтеді және ол бірталай уақытты алады. Бұл жағдайды шешсек, қосымша Зайсан мен Қатон-Қарағайда салынатын әуежаймен қосылғанда, осы аудандарға даму мүмкіндігін береді", – деді Ермек Көшербаев.