UFC-де өнер көрсететін отандасымыз Шавкат Рахмонов кезекті кездесуінде жеңіске жетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Даңқты жерлесіміз АҚШ-та ұйымдастырылған UFC 296 турнирінде октагонға шығып, жергілікті файтер Стивен Томпсоннан басым түсті.
"Еліміздің тәуелсіздік күнінде таң азанымен АҚШ-тан ақжолтай хабар жетті. Аралас жекпе-жектегі ел мақтанышы Шавкат Рахмонов бүгін UFC-де кезекті айқасын өткізіп, қазақ елін тағы бір жарқын жеңісімен қуантты. Егемендік күнінде ел тұрғындарын қуанышқа бөлеген даңқты спортшымызды жеңісімен шын жүректен құттықтаймын!", - деді туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Айта кетейік, 29 жастағы Шавкат Рахмонов 2014 жылдан бері аралас жекпе-жекпен айналысып келеді. Бұл – жерлесіміздің 18-ші жеңісі.