Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа жүйе арқылы 4 323 азамат алдын ала жазылған. Оның 4 050-і сараптамадан өтіп, жалпы өтініш бергендердің 94 пайызы қызметті пайдаланып үлгерген.
Электронды кезек азаматтарға МӘС бөліміне баратын күн мен уақытты алдын ала таңдауға мүмкіндік береді. Осылайша қабылдауға ерте келіп, ұзақ уақыт кезек күтудің қажеті жоқ.
Қызметке жазылу Әлеуметтік қызметтер порталындағы жеке кабинет арқылы жүргізіледі. Медициналық ұйым қажетті құжаттар мен мәліметтерді МӘС-ке жолдағаннан кейін азаматқа SMS арқылы сараптамаға жазылуға болатыны туралы хабарлама келеді.
Одан кейін жүйе азаматтың тұрғылықты жеріне сәйкес МӘС бөлімін автоматты түрде анықтап, бос күндер мен уақыттарды ұсынады. Азамат өзіне қолайлы уақытты таңдап, кезекті брондайды. Жазылу аяқталған соң оған қабылдау күні, уақыты, мекенжайы және электронды кезек нөмірі көрсетілген SMS жіберіледі.
Қабылдауға үш күн қалғанда азаматқа қосымша ескерту хабарламасы келеді. Егер белгіленген уақытта бара алмайтын болса, жазылуын жеке кабинеті арқылы өзі тоқтата алады. Ал белгіленген уақытта келмеген жағдайда, жазба автоматты түрде жойылады.
Ақмола облысында жыл басынан бері электронды кезек арқылы 2 288 адам жазылып, оның 2 118-і немесе 92,5 пайызы МӘС сараптамасынан өткен.
Ал Алматыда қызмет 12 маусымнан бері жұмыс істейді. Осы кезеңде 2 035 адам электронды кезекке жазылып, 1 932 азамат сараптамадан өткен.
Жаңа жүйе әсіресе шалғай елді мекен тұрғындары үшін тиімді. Себебі азамат сапарын алдын ала жоспарлап, МӘС бөліміне белгіленген уақытта ғана бара алады. Бұған дейін кейбір тұрғындардың облыс орталығына жету үшін 400 шақырымнан астам жол жүруге мәжбүр болғаны айтылған.
Электронды кезек МӘС-тен өту тәртібін өзгертпейді. Оның негізгі мақсаты — азаматтардың бөлімде кезек күту уақытын қысқартып, қабылдауды ыңғайлы ұйымдастыру.
Пилоттық жоба аяқталғаннан кейін оның нәтижесі бағаланып, электронды кезек жүйесін еліміздің басқа өңірлеріне енгізу мүмкіндігі қаралады.