Мас күйде көлік айдау тыйылмай тұр

672

Павлодарда бір күнде 2 жол-көлік оқиғасы орын алды.

Мас күйде көлік айдау тыйылмай тұр

Павлодар қаласының екі тұрғыны мас күйде көлік тізгіндеп, апаттық жағдайларға себепші болды. Оқыс оқиғалардың салдарынан зейнеткер мен балалар зардап шекті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Облыс орталығының 32 жасар тұрғыны қозғалыс жылдамдығын реттей алмай, соның салдарынан ол жүргізген "Honda Pilot" көлігі Абай көшесі, 110 мекенжайындағы үйдің ауласында тұрақта тұрған "KІА" көлігіне соғылды. Жол-көлік оқиғасының салдарынан "KІА" көлігінің 3 жолаушы әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Ал "Honda Pilot" көлігінің жүргізушісі алкогольдік ішімдікті қолданғаны анықталды. Көлік айып тұрағына қойылып, жүргізушіге қатысты ҚР ҚК 345-бабы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.

Дәл осы күні Павлодар қаласының тағы бір тұрғыны Ак.Шөкин көшесі, 95 мекенжайындағы үйдің ауласында 1946 жылғы зейнеткер мен 2021 жылы туған нәрестені қағып кетті. 75 жасар келіншек кеуде қуысы, жамбас жарақаттарын, төрт айлық қыз бала бас сүйегі жарақатын алды. Бүгінде оларға облыстық ауруханаларда ем-дом жасалуда.

"Мас күйінде "Тойота Камри Грация" көлігін жүргізген 39 жасар тұрғын уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде", - деді Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.

Жалпы, жыл басынан бері облыс аумағында 278 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның алтауына мас күйінде көлік айдаған жүргізушілердің кінәлі екені анықталды. Апаттық жағдай салдарынан бір адам көз жұмып, 8 тұрғын жарақат алды. Сондай-ақ, ішімдік ішкен соң рөлге отырған 956 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу