Мас күйінде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізуші анықталды

2177

Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Мас күйінде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізуші анықталды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің жолдарындағы жағдайдың алаңдаушылық тудыратынын атап өтті және мас күйде автокөлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі осындай құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстармен бастама көтерді, деп хабарлайды ІІМ баспасөз қызметі.

Биылғы жылдың 9 айында мас жүргізушілер салдарынан 342 жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 64 адам қаза тапты және 493 адам жарақат алды.

"Бейбіт өмірде мас күйінде көлік басқарған жауапсыз жүргізушілер кінәсінен жолдарда адамдар қаза тауып жатыр. Оларды ақтауға болмайды. Сондықтан осындай заң бұзушылықтар мен қылмыстар үшін олардың салдарының ауырлығына теңбе-тең жаза болуға тиіс", – деді ІІМ қызмет басшыларымен өткізген кеңесінде министр Ерлан Тұғымбаев.

Жол қозғалысының қауіпсіздігі мен жолдарда күнделікті патрульдеуді қамтамасыз ету жұмысының нәтижесінде көптеген ЖКО-ға жол берілмеді.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мас күйде көлік жүргізген 22 мыңнан астам жүргізушіне анықтады. Олардың 17 мыңнан астамы автокөлікті басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жүргізушілік құқығынан айырылған әрі мас күйде болған 1 878 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Сонымен бірге статистика көрсетіп отырғандай, қолданыстағы әкімшілік жазалар жүргізушілердің тәртібіне қажетті деңгейде әсер етпейтінін және ЖКО санының төмендемей отырғанын байқатады.

Мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаны қатаңдату барлық жол қозғалысына қатысушылардың, жүргізушілердің де, жолаушылардың да, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен, депутаттық корпуспен, жұртшылықпен келісілетін тиісті ұсыныстар дайындалуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу