Мас күйінде көлік жүргізген депутат мандатынан айырылды

885

Қайрат Әбішев "Nur Otan" партиясынан шығарылды.

Мас күйінде көлік жүргізген депутат мандатынан айырылды

25 мамыр күні Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, "Дәнекер" шаруа қожалығының басшысы Қайрат Әбішев мас күйінде көлік тізгіндегені үшін 15 тәулікке қамауға алынған болатын, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сонымен қатар, облыстық мәслихаттың депутаты 8 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Мамыр айының соңында оның әрекетін партиялықтар "май шаммен" қарап, мұндай адам "Nur Otan" қатарында болмауы керек деген байламға келді. Сөйтіп, Қайрат Әбішев партия құрамынан шығарылды.

Ал бүгін оның облыстық мәслихаттағы депутаттық мандаты тоқтатылды. Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың айтуына қарағанда, бұған депутаттың партия тізімінен алынуы себеп болған.

"Жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару туралы Заңға сәйкес, депутаттар сайланған партия тізімінен шығарылса және басқа облысқа қоныс аударса, депутаттық қызметі аяқталады. Қайрат Әбішев мандатын тапсыру туралы өтініш берді", - деді Гүлнар Аманжолова.

Атышулы кәсіпкермен қатар, Торайғыров университетінің бұрынғы ректоры, бүгінде Алматы қаласындағы Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне жетекшілік ететін Мейрам Бегентавтың, Ақсу ферроқорытпа зауытының бұрынғы басшысы Сергей Прокопьевтің депутаттық мандаты тоқтатылды.

Олардың орнына "УПНК-ПВ" ЖШС директоры Нағашыбек Әубәкіров, Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің директоры Серік Жартыбаев және Павлодар қалалық әлеуметтік-психологиялық оңалту мен бейімдеу орталығының басшысы Марина Стрелковская депутат атанды.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу