Атбасар-Нұрлы-Жол бағыты бойынша келе жатқан электр пойызында 43 жастағы ер адамның мас күйінде тоқтату-кранын тартып жұлып алуы жылжымалы құрамның апатты тоқтауына себеп болды.
Құқық бұзушы ҚР ӘҚБтК-нің бірден екі бабы бойынша, яғни алкогольдік ішімдіктер ішкені немесе қоғамдық орынға масаң күйінде келгені, теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды белсенді жүргізуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомоствоның мәліметінше, 2025 жылдың 4 айында жолаушылар пойыздарында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 273 адамды түсіріп алған. Оның ішінде алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 254 факт, шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 11 факт, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 8 факт.
Көлік полицейлері жолаушылардың пойыздар мен вокзалдарда қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттілігіне баса назар аударады. Барлық құқық бұзушылықтар тіркеліп, заңмен көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.