Мас күйінде жедел жәрдем қызметкерлерін балағаттаған тұрғын 2 тәулікке қамалды

230

Павлодар облысының Аққулы аудандық соты қызметтік міндетін атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне құрметсіздік танытқан ер адамға қатысты әкімшілік істі қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мас күйінде жедел жәрдем қызметкерлерін балағаттаған тұрғын 2 тәулікке қамалды Фото: ЖИ

Сот мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 14 шілдеде Ямышево ауылында болған. Алкогольдік масаң күйдегі азамат шақырту бойынша келген жедел жәрдем бригадасының қызметкерлеріне былапыт сөздер айтып, оларды қорлаған. Оның әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 80-1-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сот жаза тағайындау кезінде оның кінәсін мойындауын және өкінуін жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескеріп, ауырлататын жағдайлардың жоқ екенін атап өтті.

"Сот қаулысымен азамат әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған екі тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар үш айға алкогольдік ішімдіктерді, есірткі және психотроптық заттарды пайдалануға тыйым салынды. Сондай-ақ ол апта сайын учаскелік полиция инспекторына профилактикалық әңгімелесуге келіп тұруға міндеттелді", – деп хабарлады сот.

Қазіргі уақытта сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу