Мас жүргізуші полицейлерге оқ атты

1606

Жүргізуші көлікті тастап, оқиға орнынан қаруды өзімен бірге алып қашып кеткен.

Мас жүргізуші полицейлерге оқ атты Фото: Polisia.kz

Қостанай облысында полиция қызметкерлеріне қару қолданған мас жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Қостанай облысы ПД оқиғаның мән-жайын хабарлады.

12 қарашада Қарабалық ауданында полиция қызметкерлері сағат 21:00-де Алматы – Екатеринбург автожолында, Приуральск кентінің аумағында габариттік шамдарын қоспай жүріп келе жатқан УАЗ автокөлігін байқаған. Бұл жағдайда жүргізушінің мінез-құлқы полиция қызметкерлеріне күдік тудырды. Полицейлердің көлік құралын тоқтату туралы заңды талабына жүргізуші жауап бермеді және рөлді басқара алмай, кюветке шығып кетті.

"Жүргізуші қашпақ болып, тәртіп сақшыларына қарай бірнеше рет қарумен оқ атқан. Көлікті тастап, жүргізуші оқиға орнынан қашып, қаруды өзімен бірге алып кетті. Аудан аумағында “Сирена” жоспары жарияланып, жеке құрам дабыл бойынша көтерілді", - делінген хабарламада.

Қостанай облысы ПД арнайы бөлімшесінің қатысуымен өткен іздестіру іс-шаралары барысында ауданның 35 жастағы тұрғыны мас күйінде, өзінің танысының пәтерінде ұсталды.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 380-1-бабы бойынша басталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері жауап ретінде қару қолданбаған, оқиғада ешкім зардап шеккен жоқ. Іс бойынша аңшылық қос ұңғылы мылтық, патрондар мен спирттік ішімдіктер тәркіленді. Қазіргі уақытта қару баллистикалық сараптамаға жіберілді. Сол күні қылмыскер күдікті деп танылып, Қарабалық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полицейлер ұсталған адам бұрын тәртіп сақшыларының көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарын ескермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Ведомствода тұрғындарға полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау фактілері үшін әкімшілік және қылмыстық жаза туралы еске салады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу