Енді Алматыда жер сілкінісін ескертетін жүйе 5,5 балдан төмен кезде де іске қосылуы мүмкін

Арақашықтық алыс болған сайын сейсмикалық қауіптің де төмен болатыны белгілі жайт.

Енді Алматыда жер сілкінісін ескертетін жүйе 5,5 балдан төмен кезде де іске қосылуы мүмкін Фото: canva.com

Бұл туралы Алматының сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазіргі уақытта басқарма базасында сейсмологтар мен сарапшылар енген ғылым және технологиялар бойынша кеңес құрылған.

Ведомство бұл кеңестің талқысына "халықты автоматты түрде ескерту жүйесін 5,5 магнитудасынан кейін қосу қаншалықты дұрыс?" деген сұрақты шығарған.

– Бастапқыда "5,5 магнитудасы бойынша ескерту жасау керек" деп айтылған. Бірақ магнитуда эпицентрде өлшенеді, ал эпицентр Қытайда, Қырғызстанда не Алматы облысында болуы мүмкін. Сондықтан, бұл сұрақты талқыға шығардық. Ұзақ пікірталастан кейін "Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығымен бірге арақашықтықты анықтауымыз керек" деген қорытындыға келді, – деді Алматының сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Негізінен, жер сілкінісінің эпицентрі қаладан 100 шақырым жерде болса, онда ескерту жүйесі үшін ең төменгі магнитуда 1 болғаны дұрыс саналады. Егер жер дүмпуі 200 шақырымнан алыста болса, шегі одан жоғары болғаны жөн. Мұны сала мамандары айтып отыр.

– Өйткені арақашықтық алыс болған сайын сейсмикалық қауіп төмен болады. Жақын арада сейсмология институты ғылыми негізде өз қорытындысын ұсынады. Соған дейін автоматтандырылған ерте ескерту жүйесі мен MasАlert жедел ескерту жүйесі түзеледі, – деп сөзін қорытындылады Батырхан Сүлейменов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу