Масамен күресте "жеңілген" мердігер мемлекетке қаржыны қайтарады

Билік пен жеке компания арасындағы мәселе сотқа дейін жетті.  

Масамен күресте "жеңілген" мердігер мемлекетке қаржыны қайтарады Фото: inbusiness.kz

Павлодар облысы жыл сайын шыбын-шіркеймен күресіп, әбігерге түсіп жатады. Әсіресе, биыл Тереңкөл ауданының тұрғындары қансорғыштар шабуылының астында қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жазғы уақытта аталмыш аудан тұрғындары тарапынан масаның көптігіне байланысты әлеуметтік желілер арқылы шағым жиі түсті. Қанаттылар адамдардың ғана емес, үй құстары, жануарлары мен төрт түліктің де мазасын әбден алды. Мемлекеттік конкурс аясында дезинсекциялық жұмыстарға жауапты болып таңдалған "Дезус" ЖШС қатысты сын-пікір де көп айтылды. Сол тұста жергілікті әкімдік шыбын-шіркейді улауға бөлінген 10 млн теңге қаражат аздық ететінін айтқан еді.

Арада біраз уақыт өткен соң аудан әкімдігі атқарылған жұмыстар тиімсіз екенін алға тартып, мердігерді сотқа бергені белгілі болды. Қыркүйек айының басында сот кәсіпорында жосықсыз мердігер деп танып, одан мемлекетке 3,6 млн теңге өтемақы төлеуге қатысты шешім шығарды.

Бірақ "Дезус" ЖШС мұнымен келіспей, аппеляцияға жүгінді. Бұл тараптың өкілдері жұмыстар атқарылған соң ешқандай тексеріс болмағанын алға тартты. Сондай-ақ, өз міндеттерін толығымен орындап, су айдындарын толығымен өңдегенін айтты. "Багумбаева А.А" жеке кәсіпкерлігі сот отырысы барысында ұсынған дерекке сәйкес, мониторинг нәтижесі өңдеу жұмыстарының тиімділігі 80%-дан асатынын көрсеткен.

 Ал сот жауап беруші тарап өңделген аумақ тиімділікті арттыруға мүмкіндік бермейтінін жақсы білген деп пайымдады. Ғылыми сүйемелдеу де бірнеше бригада жұмысын қолға алып, құралдар санын көбейтуді ескерткенін еске салды.

Осы және өзге де деректерді назарға ала отырып, бірінші инстанция сотының шешімін өзгеріссіз қалдырып, жауап берушінің аппеляциялық шағымын қанағаттандырған жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу