Кәсіпқой боксшы Астанадағы жол-көлік оқиғасына қатысы бар деген күдікке іліккен, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Оқиға 8 шілде күні "Хан Шатыр" сауда ойын-сауық орталығының маңында болған. 3 көліктің қатысуымен 2 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, алдын ала мәлімет бойынша, апатқа себеп болуы мүмкін жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған.
Кейін полиция қызметкерлері күдікті көлікті тоқтатып, жүргізушіні ұстады. Дереккөздің мәліметінше, Toyota жол талғамайтын көлігін Данияр Елеусінов басқарған. Патрульдік полиция қызметкерлері оның алкогольдік масаң күйде болуы мүмкін деген күдікпен медициналық куәландыруға жіберді", – деп жазылған кеңінен тараған ақпаратта.
Астана қаласының Полиция департаменті жол-көлік оқиғасының болғанын және жүргізушінің оқиға орнынан кеткенін растап отыр.
– Ведомство жүргізушінің жеке басын жариялаған жоқ, – делінген жазбада.
Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері аталған көлікті Достық көшесінде тоқтатқан.
Абырой болғанда, жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендер жоқ.