"Мәселе сапасыз жоспарлауда емес": Жұманғарин 99 жоба қаржыландырудан неге алынып тасталғанын айтты

142

Былтыр 650 миллиард теңге бюджет ақшасы тиімсіз пайдаланылған. 

"Мәселе сапасыз жоспарлауда емес": Жұманғарин 99 жоба қаржыландырудан неге алынып тасталғанын айтты Фото: Үкімет

Сенатор Амангелді Нұғманов бюджеттік заң бұзушылықтардың алдын алу жөнінде мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сәйкес, республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің орындалмауы 300 миллиард теңгеден асып отыр. 2025 жылы тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі шамамен 650 миллиард теңгеге жетті. Үкімет жыл ішінде 2,4 триллион теңге көлеміндегі қаражатты қайта бөлуге мәжбүр болды, салдарынан 100-ге жуық инвестициялық жобаны іске асырудан алып тастады. Сондай-ақ қаржылық заң бұзушылықтардың басым бөлігі соңғы үш жыл бойы жүйелі түрде қайталанып келеді. Алдағы уақытта Үкімет тарапынан бюджеттік заң бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау бойынша қандай шаралар қабылданбақ? Екіншіден, неге Үкімет жылдан жылға бюджетке нақты кіріс көздерімен қамтамасыз етілмеген шығыстарды жоспарлайды?", – деп сұрады сенатор.

Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, 2025 жылы Үкімет 75 миллиард теңге болатын 99 жобаны қаржыландырудан алып тастады. 

"Бірақ мәселе сапасыз жоспарлауда емес, жобаларды іске асыруға қатысты болып отыр. Мысалы, 47,7 миллиард теңгеге жуық 55 жоба басқа көздер есебінен қаржыландырылды. Яғни, арнайы мемлекеттік қор, жергілікті бюджеттер және гранттар бар. Мысалы, Риддердегі көпсалалы аурухана 29 миллиард теңге көлемінде қаржыландырудан алынды, себебі ол арнайы мемлекеттік қор арқылы қаржыландырылды. Осылайша бюджетке түсетін жүктеме азайды, қаражат басқа жобаларға аударылды. Бұл – объективті себептер", – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, кейбір жобаларда техникалық құжаттама өзгерсе, кейбірі бойынша сот процестері жүріп жатыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу