Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданының тұрғындарымен кездесуінде айтты.
"Қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. 3 мамырда Үкімет қолдады, 16 мамырда ол жарияланды. Оның аясында біз қалада жолдарды дамытамыз. Жоба әрі қарай қолға алынады, Хмельницкий көшесін Талғар трактіне дейін ұзартамыз. Бізге түзу жол қажет, қисық, тар жолдарды тиімділігі шамалы. Біз барлық институттарды тартып, көлік бағыттарын бірге қарастырдық. Бұл Алматының орталығындағы үлкен магистральдық көшелерді ұзартуға да қатысты. Өкінішке орай, қала басқаша дами алмайды. Барлық басқа мәселелерді нарықтық бағамен шешеміз, ешкімді ренжітпейміз", – деді қала тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келе әкім.