Елімізде машина саласын дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Құжатты әзірлеу аясында сектордың бүгінгі ахуалына талдау жүргізілді.
Автомобиль, арнайы техника және ауыл шаруашылығы машиналарын жасау басқармасының басшысы Руслан Хисамутдиновтің сөзінше, отандық машина жасау өнеркәсібі мамандар тапшылығы мәселесіне тап болды.
"Енді біз бұл проблеманы шұғыл шешуіміз қажет. Кадрлық әлеует – кез келген кәсіпорынның жоғары табысының маңызды факторы", - деді ол.
Осыған байланысты кәсіпорын өкілдері оқу және ғылыми ұйымдар арасында тікелей байланыс орнатып, орта кәсіптік білім беру ұйымдарын материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуді ұсынып отыр.