2023 жылы республикалық және жергілікті атқарушы органдар деңгейінде бекітілген "Қазақстан Республикасының машина жасау саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары" шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары жалғасып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты naryk.kz порталына сілтеме жасап.
Шараларды қаржылық құралдар мен қолдау бағдарламалары арқылы мына ұйымдар жүзеге асырады:
- "Қазақстан Даму Банкі" АҚ;
- "Өнеркәсіпті дамыту қоры" АҚ;
- "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ;
- "ҚазАгроҚаржы" АҚ;
- "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ.
Аталған институттар жеңілдікті несиелендіруден экспорттық қолдауға дейінгі құралдардың кең спектрін ұсынады.
QazIndustry кәсіпорындар шығындарының бір бөлігін келесі бағыттар бойынша өтейді:
- өнімдер мен менеджмент жүйелерінің сәйкестігін растау;
- қызметкерлердің біліктілігін арттыру;
- цифрлық технологияларды енгізу;
- технологиялық үдерістерді жетілдіру (жабдықты сатып алуды қоса алғанда);
- өндірісті ұйымдастырудың тиімділігін арттыру;
- өнімді ел ішінде темір жол көлігімен тасымалдау.
Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) аумағында жұмыс істейтін машина жасау компаниялары 10 жыл немесе одан да көп мерзімге айтарлықтай салықтық және кедендік жеңілдіктер алады.
Бұл жеңілдіктерге мыналар кіреді:
- корпоративтік табыс салығы 0%;
- жер салығы мен мүлік салығынан босату;
- шикізат импорты кезінде ҚҚС пен кедендік баждардан босату;
- жер мен инфрақұрылымды өтеусіз беру;
- шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген рәсімдері.
Жергілікті өндірісті дамыту және сатып алудың жаңа тетіктері
Ірі кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылардың реттеліп сатып алуларындағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту бойынша жұмыс жалғасуда. Шағын және орта бизнесті қолдауға баса назар аудара отырып, локализациялауды арттыру бағдарламасы үш жылдан бері іске асырылып келеді.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі жұмыс істей бастады. Онда автоматты түрде тексеру және сатып алуларға басымдықпен қол жеткізу қарастырылған. Бұл жүйе индустриялық сертификаттар мен СТ-KZ сертификаттарының орнына енгізілген.