"Әзірет Сұлтан" ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының Ясауитану ғылыми орталығының ғалымдары Ресей мемлекеттік кітапханасынан XVII ғасырға жататын сирек қолжазбаны анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Онда Қожа Ахмет Ясауи тариқатының тарихы мен рухани іліміне қатысты құнды деректер жинақталған.
Ғылыми зерттеу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жан-жақты зерттеу және кеңінен насихаттау жөніндегі тапсырмасы, сондай-ақ Үкімет бекіткен Ясауитану саласын дамыту жоспары аясында жүргізіліп жатыр.
Мәскеуге ұйымдастырылған ғылыми экспедиция барысында табылған "Хужжат әз-Закирин ли-радд әл-Мункирин" ("Зікірді терістеушілерге қарсы зікір етушілердің дәлелі") атты еңбек Бұхарада жазылған. Мамандардың айтуынша, бұл қолжазба Ясауи мектебінің тарихын зерттеудегі маңызды жазба дереккөздердің бірі саналады.
Қолжазбада сопылық ілім, жария зікір дәстүрі және рухани сабақтастық мәселелері баяндалған. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауиден, Хакім ата мен Зеңгі атадан бастау алып, тариқаттың кейінгі өкілдеріне дейін жалғасқан рухани шежіре туралы құнды мәліметтер келтірілген.

Қазіргі уақытта мамандар қолжазбаның ғылыми сипаттамасын әзірлеп жатыр. Алдағы кезеңде оның мәтіні белгілі нұсқалармен салыстырылып, мәтінтанулық талдау жүргізіледі. Зерттеу нәтижелері ғылыми айналымға енгізілмек.