Мәслихатқа қосымша қандай өкілеттіктер беріледі?

750

Мәслихат хатшысы лауазымы мәслихат төрағасы деп қайта аталмақ.

Мәслихатқа қосымша қандай өкілеттіктер беріледі?

Ағымдағы көп түйткілді шешудің кілті жергілікті өзін-өзі басқаруда. Бұл туралы  "Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігінің" кең ауқымды отырысында сөз болды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

ҚР Премьер-министр Кеңсесінің ұйымдастыру жұмыстары және аймақтық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары Рыскелді Сәтбаевтың айтуынша, бұл арада мәслихаттардың бұған барынша атсалысуы аса маңызды.

Жиында Парламент Сенаты мен Мәжілісі депутаттары салалық мәселерді көтерсе, өңірлердің Мәслихат басшылары ахуалдық-жағдаяттық баяндама жасап, Жолдау аясында өз аумақтарының қандай жұмыстар атқаруға кіріскенін жеткізді.

ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков "ҚР жергілікті өзін-өзі басқару туралы" арнайы Заңын қабылдау бағытындағы жұмыстарды баяндады.

"2018 жылдан бастап қолданыстағы бюджет заңнамасының өзгеріске ұшырағыны мәлім. Бұрын бюджеттік жүйе үш деңгейден құралып, ауылдық округтер аудандық бюджеттен қаржыландырылды. Қазір 4 деңгейлі жүйеге ауысып, әр ауылдық округтің жеке бюджеті бар. Бұдан өзге негізгі құжат – жергілікті өзін-өзі басқарудың 2025 жылға дейінгі даму Тұжырымдамасы қабылданды. Былтыр ауыл әкімдерін тікелей сайлауы үдерісі де енгізілді. Қазір аудан әкімдерін тікелей сайлауды енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оған да тиісті заң жобасы Парламентке ұсынылды. Мұндағы жаңалық сол, аудандар әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуді 2023 жылдан бастап 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен бастау жоспарланып отыр. Ондағы негізгі талаптары мен тәсілдері ауыл әкімдерінің сайлауына ұқсайды. Әзірге қоғам алдында жергілікті өзін-өзі басқару заңын қабылдау міндеті тұр" деп кеңінен тарқатты вице-министр.

Оның айтуынша, аталмыш заң жобасы бірінші кезекте мемлекеттік басқарудың жоғары деңгейлеріне тәуелділікті төмендетуіне бағытталған. Атап айтқанда, мұның сипаты азаматтардың ашық дауыс беруі арқылы төрт жыл мерзімге жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдары – Кеңестердің құрылуынан көрінбек.

Сонымен атаулы жиын барысында мәслихаттардың мәртебесі мен өкілеттіктері бойынша жария етілген ақпараттар легі мынадай:

Өткен жылы билік деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту жөніндегі заңмен мәслихат депутаттарына Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттырудан өту мүмкіндігі ұсынылып, тұрақты комиссиялар төрағасының екі тұрақты лауазымы енгізілді және олардың мәслихат депутаттары ретінде құқықтары мен міндеттері кеңейтілді. Өз кезегінде заң жобасы аясында мәслихаттарды күшейту жұмыстары да жалғасуда.

Біріншіден, "мәслихат хатшысы" лауазымын "мәслихат төрағасы" деп қайта аталмақ.

Екіншіден, мәслихатқа қосымша келесі өкілеттіктер беріледі:

- коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларының орындалуын бақылау және талдау;

- депутаттардың тиісті әкімдіктің бюджеттік комиссияларының жұмысына қатысуы;

- қажеттілігіне қарай бюджетті нақтылауға бастамашылық ету құқығын беру;

- ресми жазбаша сұрау салумен, сондай-ақ тиісті әкімшілік аумақтық бірліктегі жеке немесе заңды тұлғаларға жүгіну;

- тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелеріне тәртіптік жаза қолдану және т.б.

"Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі" РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев соңғы күрделі жағдайларға байланысты аймақтардың жалпыелдік стратегиялық бағыттарға жұмыс жасау маңыздылығының бұрынғыдан да артқанын атап өтті. 

Іс-шара соңында қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша барша қазақстандықтарға Үндеу жасады.

"Бүгінгі геосаяси ахуал – кез келген мемлекет үшін сын. Осы сынды өткере алған, өткеріп қана қоймай, бұл сындардан күшейіп шыққан мемлекеттің болашағы жарқын, ертеңі еңселі, тұғыры биік болары сөзсіз. Сондықтан, заман ағымына қалмай дамудың даңғыл жолына түсеміз десек, халықтың әл-ауқаты мен саяси өміріне оң өзгерістер алып келуге бағытталған, үлкен өзгерістерге бастайтын, еліміздің өркендеуіне жаңа серпін және екпін беретін стратегиялық маңызы бар құжат – Жолдауда айтылған міндеттерді іске асыруға баршамыз атсалысып, жұмыла еңбек етуіміз керек" делінген Үндеу мәтінінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу