"Масс-медиа туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды

300

Құжат мемлекет пен қоғамның мүддесін және қазіргі медиа саланың даму ерекшеліктерін ескере отырып дайындалды.

"Масс-медиа туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды Фото: inbusiness.kz

Мәжіліс депутаттары "Масс-медиа туралы" заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Құжатты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева таныстырды. 

Заң жобасы сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби статусын көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетін болады деп күтіліп отыр.

Ведомство басшысы заңнаманың ең маңызды бағыттарына тоқталды.

"Болашақ заң ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайды. Десе де, БАҚ өкілдерімен ұзақ талқылау барысында азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін, 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді. Екіншіден, заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап (ауызша, жазбаша, коментарий, ресми түсініктеме), оларға берілуі тиіс жауаптарға нақты мерзім белгілейді. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен бесеуге қысқартылды. Бұл шешім ОБСЕ тарапынан да жақсы баға алып үлгерді", - деп түсіндірді ол.

Аида Балаева еліміздегі заңсыз спутниктік ақпарат құрылғыларымен күресу мақсатында өзіміздің ресми отандық құрылғылар орнатуға арнайы субсидия қарастырылатынын жеткізді. 

"Яғни, бұл норма жазалау принципінен бас тартып, керісінше осы бағыттағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасау арқылы жүзеге асатын болады. Төртіншіден, мемлекеттің ақпараттық тапсырысын тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі. Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады. Бесіншіден, журналистерді түрлі шараларға қатысуға аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы пресс-карта енгізу ұсынылады", - деп атап өтті Аида Балаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу