Master Concept компаниясы Алматы облысында тау туризмін дамытады

884

Австралиялық Master Concept компаниясы Алматы облысының аумағында тау туризмін дамытуға бағытталған жобаға қатысуға ынталы, деп хабарлайды Egemen Qazaqstan.

Master Concept компаниясы Алматы облысында тау туризмін дамытады

Бұл жайында облыс әкімі Амандық Баталовтың инвесторлармен кездесуі барысында мәлім болды.

Дүниежүзі нарығында 18 жылдан бері жобалаумен және жоспарлаумен айналысатын Master Concept компаниясы негізінен туристік нысандарды инвестициялайды. Компанияның Ресейдегі жұмыс тәжірбиесі 10 жыл болса, Қазақстанда 6 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді. Компания өкілі, сәулетші Гернот Ляйтнердің айтуынша, Master Concept Талғар ауданы аумағындағы  "Лесная сказка" курортын отбасылық-спорттық демалыс орны ретінде дамытуға кіріспек. Қазір компания Алматы өңіріндегі тау туризмі жоспарына қажетті зерттеу жұмыстарын бастаған. Бұл орайда екі модель қарастырылып отыр. Біріншісі, бұрыннан бар, жұмыс істеп тұрған курорттарды одан әрі дамытудың әлеуетін зерделеу, екіншісі қай жерлерде туристік бағыттарды дамытуға болатынын білу үшін таулы жерлерді зерттеу. 

Ал екі жақты кездесуге қатысқан Алматы өңірінің туристік кластері қауымдастығының құрылтайшысы Райымбек Баталов тау туризмінің дамуы шағын және орта бизнестің дамуына, қызмет көрсету саласына тың серпін беретінін айтады.

"Тау туризмі дегенде тек Алматы маңынан өзге, Шарын шатқалын, Лепсі өңіріндегі, Райымбек ауданындағы таулы өңірлерді де толық қамтуға тиіспіз. Таулы аймақтардың мүмкіндіктерін бүге-шігесіне дейін зерттеп, тани алатын мамандардың білімі мен білігін пайдалана білуіміз керек. Жалпы табиғи-климаттық ерекшеліктеріне байланысты Алматы өңіріндегі тау туризмінде қалаға қарағанда Алматы облысының үлесі әлдеқайда басым. Сондықтан қыста ғана емес, жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін тау курорттарын дамытудың жоспарлары да жасалуы тиіс, техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеуге қанша қаражат қажет екенін де есептеуіміз қажет. Одан әрі бұл жобаның операторы нақты қай мекеме болатынын да анықтауымыз керек", – деді жиынды қорытқан облыс басшысы Амандық Баталов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу