Кредиттік карталар қызметімен айналысатын америкалық Mastercard компаниясы Covid-19 вирусына қарсы вакцина пайда болмайынша қызметкерлеріне үйден жұмыс істеуге рұқсат берді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
"Алдағы айларда жұмысшыларымыздың басым бөлігі үйден жұмыс істей береді. Бұл жағы реттелген және осы режимді қолдаймыз", – деді компания өкілі.
Ресми дерек бойынша, қазір қызметкерлердің 90%-ы жұмысын офиске бармай, қашықтан атқарып жатыр.
"Тиісті тестілеу жұмыстары өткізіліп, вакцина енгізілсе, қызметкерлер офиске келе бастайды", – деді компанияның бас маманы Майкл Фраккаро.
Еске сала кетсек, 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус індетін пандемия деп жариялаған болатын. Әлемде вирус жұқтырғандардың саны 5 миллионға жетіп қалды. Осы күнге дейін оның 324 мыңы көз жұмған.
Табиғат Нұрболат
Фото: ria.ru