Мәулен Әшімбаев: Әйелдер қауымы ұрпақ тәрбиелеу арқылы тұтас ұлтты тәрбиелейді

1093

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев нәзік жандарды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.  

 Мәулен Әшімбаев: Әйелдер қауымы ұрпақ тәрбиелеу арқылы тұтас ұлтты тәрбиелейді

"Ардақты аналар, аяулы арулар! Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – аналарымыздың, әпке-қарындастарымыздың және қыздарымыздың мерекесі. Сондықтан 8 наурызды мейірім мен сұлулықтың күні деп қабылдаймыз.

Әйелдер қауымы қашанда отбасының ұйытқысы және береке-бірліктің бастауы екені сөзсіз. Сіздер ұрпақ тәрбиелеу арқылы тұтас ұлтты тәрбиелейсіздер. Сол арқылы елдің болашағын қалыптастыруға тікелей үлес қосып келесіздер", - деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасының айтуынша, тарихымызда қиын-қыстау кезеңдерде ел тағдырына араласып, даналық пен парасаттылықтың озық үлгісін көрсете білген аналарымыз да аз болмаған. Оған Домалақ, Қарашаш, Бопай сияқты аналарымыздың өнегелі өмірі айқын дәлел. Қазіргі таңда Қазақстан әйелдері осындай сара жолды лайықты жалғастырып келеді деуге толық негіз бар.

"Шын мәнінде, бүгінде әйелдер қауымы отбасылық құндылықтарды сақтаумен бірге, мемлекеттік басқару, әлеуметтік қызмет, бизнес сияқты барлық салада өте белсенді. Соған сәйкес, қоғамда әйел азаматтардың рөлі айтарлықтай арта түсті. Осы ретте тәуелсіз Қазақ елінің жеңістері мен жетістіктеріне әйелдердің де сіңірген еңбегі орасан зор екенін ерекше атап өткім келеді.

Бүгінгі мейраммен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларыңызға амандық тілеймін! Әрдайым көктемдей құлпырып жүре беріңіздер. Мереке құтты болсын!", - деді Сенат төрағасы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу