Мәулен Әшімбаев даулы ток-шоу туралы: "Мемлекеттік арналарда енді мұндай олқылықтар болмайды деп санаймыз"

533

Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығы осы мәселеде жауапкершілікті сезініп отыр. 

Мәулен Әшімбаев даулы ток-шоу туралы: "Мемлекеттік арналарда енді мұндай олқылықтар болмайды деп санаймыз" Фото: Inbusiness.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қоғам арасында үлкен резонанс тудырып, жабылған бағдарламаға қатысты пікірін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бұл мәселеге байланысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз бағасын берді. Өйткені министрлік осындай мемлекеттік каналдармен жұмыс істеп отыр, жұмыстарын үйлестіріп отыр. Сондықтан тиісті баға берілді және бұл ток-шоу жабылды. Халықтың да пікірі ескерілді деп айтсақ орынды. Осы ток-шоуды дұрыс ұйымдастыра алмаған каналда жұмыс істейтін қызметкерлерге де бір баға берілген шығар. Әрі қарай мемлекеттік каналдарда мұндай мәселелер, олқылықтар болмайды деп санаймыз", - деді ол Сенат кулуарында.

Тілшілер Сенат спикерінен "Ток-шоу жабылды, бірақ қандай да бір жаза қолданылу керек пе?" деп сұрады.

"Редакцияның, "Хабар" телеарнасының ішінде де бұл мәселеге байланысты тиісті сараптамалар, шешімдер болады деп ойлаймын. Өйткені бұл мәселені министрлік бақылауында ұстайды. Бұл осымен болды, журналистер енді басқа жобамен айналысыңдар деген шешім бола қоймайтын шығар. Өйткені агенттіктің басшылығы да, министрліктің басшылығы да осы мәселеге байланысты жауапкершілікті сезініп отыр. Сол себепті агенттік басшысы тарапынан тиісті шешім болады деп ойлаймын", - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кету керек, осыған дейін "Хабар" агенттігінің басшысы көпшіліктен кешірім сұрағанын Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елді шулатқан "Хабар" арнасындағы "Бірақ" бағдарламасы жабылатынын мәлімдеді. Тікелей эфирде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелді күйеуімен татуластырмақ болған бағдарламаның ұжымы үлкен дауға қалған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу