Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген Мәулен Әшімбаев: "Шахтада қаза болған кеншілердің отбасыларына, жақындарына депутаттардың атынан қайғырып көңіл айтамыз. Бұл – үлкен трагедия", - деп мәлімдеді.
Сенат төрағасы Мемлекет басшысының Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау және қайтыс болғандар мен зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырғанын атап өтті.
"Осы орайда, еңбек қауіпсіздігі ең басты мәселе болып отыр. Бұл қайғылы оқиға не себепті болды? Енді онымен комиссия айналысады. Содан кейін біз мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерін, министрлік басшыларын тыңдаймыз. Бұл тұрғыда заңнаманы күшейтетін тұстарын қарастырамыз. Қажет болса, өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жауапкершілікті күшейте түсеміз", - деді Сенат төрағасы.
Жалпы, Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Қожамжаров Сенат депутаттары "Арселор Митталдың" мәселесі бойынша бас прокуратураға сауал жолдағанын айтты.
"Біздің инвесторларға немесе кәсіпорындардың басшыларына қоятын ең негізгі талабымыздың бірі – қауіпсіздік ережелерін сақтау. "Арселор Митталдың" кәсіпорнында бұған дейін болған апаттарға қатысты прокуратура органдары әрекетсіз болды деп ойламаймын. Бәлкім әрекет еткен шығар, оны біз білмейтін шығармыз. Біз соны білу үшін сауал жолдадық", - деді Қайрат Қожамжаров.