Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Қазақстанның Бас раввині Ешая Когенді қабылдады, деп хабарлайды палатаның баспасөз қызметі.
"Сенат Төрағасы Қазақстанда бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуде Иудей қауымы мемлекеттің маңызды серіктесі екенін және аталған дін өкілдері елімізде мәдениет пен руханияттың дамуына үлкен үлес қосып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Бас раввинді және Қазақстандағы барша еврей қауымын Суккот мерекесімен құттықтады. Сенат Төрағасы ежелден келе жатқан бұл мейрам сенім пен бірлікті арттыратынын және ізгілікті дәріптейтінін тілге тиек етті", – делінген Сенат ақпаратында.
Мәулен Әшімбаев Съездің халықаралық деңгейде мойындалғанын және жаһандық өркениетаралық диалогтың маңызды тетігіне айналғанын айтты.