Шымкентте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңғырту күн тәртібіне арналған "Реформалар мәні: Қазақстанның болашақ тарихының жеті тарауы" атты кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шара М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде ұйымдастырылды. Кітап авторы Мәулен Әшімбаев өңірдің ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен, сарапшылармен және қоғам белсенділерімен кездесіп, елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістердің негізгі бағыттарын талқылады.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының реформаларының негізінде адам және оның мүдделері тұр. Кітапта мемлекеттік басқаруды жаңғырту, саяси және экономикалық өзгерістер, өңірлік даму, ұлттық бірегейлік және Қазақстанның халықаралық аренадағы орны мәселелері қамтылған.
– Әділетті Қазақстан" идеясының түпкі мәні – "мемлекет мемлекет үшін" деген түсініктен "мемлекет адам үшін" қағидатына түбегейлі бет бұру. Ел дамуының жаңа парадигмасының негізінде адам және оның мүдделері тұр. Бұл ұстаным жаңа Конституцияда нақты көретілген, – деді Мәулен Әшімбаев.
Кездесуде Конституцияда бекітілген құндылықтардың елдің ұзақ мерзімді даму мақсаттарын айқындайтыны да айтылды. Қатысушылар технологиялық әлеуетті нығайту, цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалану және жаһандық өзгерістер жағдайында Қазақстанның белсенді рөлін арттыру мәселелерін талқылады.
Сапар аясында Мәулен Әшімбаев "Металлург" спорт кешенінде өңірлік бочча құрамасының спортшыларымен кездесті. Ол параспортшылардың жаттығу барысымен танысып, спортты дамыту, инклюзия мәдениетін ілгерілету және ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау мәселелерін қозғады.
Сондай-ақ Шымкентте Инклюзивті спорт орталығын салу спортшылардың жаттығуына және жарыстарға дайындалуына қосымша мүмкіндік беретіні атап өтілді.
– Араларыңыздан ұлттық құраманың болашақ мүшелері мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары шығатынына сенімдімін. Біз алдағы уақытта да сіздерге қолдау көрсете береміз. Жаттықтырушыларыңызбен бірлесіп, ел намысын халықаралық аренада лайықты қорғауларыңыз үшін қажетті жағдайлар жасау бағытында жұмыс істейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сапар Достық үйінде қала жастарымен өткен кездесумен аяқталды. Ашық диалог барысында жастардың елдегі реформаларға қатысуы, қоғам алдындағы жауапкершілігі, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні меңгеруі талқыланды. Қатысушылар Taldau экожүйесінің білім беру және қоғамдық жобаларын дамыту жөніндегі пікірлерін де ортаға салды.