Мәулен Әшімбаев Сенаттың 2025 жылға негізгі міндеттерін атады

167

Бүгін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәулен Әшімбаев Сенаттың 2025 жылға негізгі міндеттерін атады Фото: Сенат

Ол өз сөзінде 2024 жылғы заңнамалық жұмыстың нәтижесіне тоқталып, 2025 жылға арналған негізгі міндеттерге назар аударды.

Биыл Парламент Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын қамтамасыз етуге, халықтың осал топтарын қорғауға және басқа да маңызды міндеттерді іске асыруға арналған 104 заң қабылдады.

"Жыл басынан бері Парламент 104 заң қабылдады. Олар Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға, сондай-ақ, еліміздің саяси және орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттілігімізді нығайту, қоғамның осал топтарын қорғау, ел экономикасын, оның қауіпсіздігі мен халықаралық беделін арттыру сияқты көптеген маңызды салалар да қамтылды. Азық-түлік қауіпсіздігі және Экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдаулар өткізілді. Демографиялық өсу мәселесіне қатысты Үкімет сағаты және 150-ден астам "дөңгелек үстел" мен Комитеттердің көшпелі отырыстары ұйымдастырылды. Маңызды мәселелер бойынша Үкіметке 180-ге жуық депутаттық сауал жолдадық", – деді Палата спикері.

Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев 2025 жылға арналған міндеттерді белгілеп берді.

Олар сенаторлардың заңнамалық жұмысын одан әрі күшейтуді және өңірлермен өзара іс-қимылды жандандыруды көздейді.

"Жыл аяқталғанымен, депутаттық қызметіміз жалғаса бермек. Ертеңнен бастап сенаторлардың өңірлерге сапарлары басталады. Сапар кезінде тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелерге баса мән беруіміз керек. Халыққа қабылданған заңдардың маңызын да кеңінен түсіндірген жөн. Келесі жылы Сенат Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген жаңа Бюджет, Салық, Су, Құрылыс кодекстерін қарайды. Бұл құжаттардың еліміз үшін маңызды екенін ескере отырып, оларды мұқият пысықтауымыз қажет", – деді Сенат төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу