Мәулен Әшімбаев Ташкенттегі Төле би кесенесіне барды

856

Төле би бабамыздың өмірі мен өсиеттеріне де ерекше назар аударғанымыз жөн. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің Facebook-те жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы.  

Мәулен Әшімбаев Ташкенттегі Төле би кесенесіне барды

"Кеше қасиетті жұма күні Өзбекстанға жасаған сапар аясында Төле би бабамыздың кесенесіне арнайы барып, зиярат еттік. Ташкент қаласында орналасқан бұл кешен шаһардағы көрікті жерлердің бірі саналады. Сондықтан мұнда Орталық Азиядан, оның ішінде Қазақстаннан және басқа да шет елдерден келетін туристердің қатары көп. Төле бидің қазақ тарихында алатын орны ерекше. Әсіресе, хандық тұсында мемлекеттік істерге араласып, маңызды шешімдер қабылдауға белсене атсалысты. Жаугершілік заманда халықтың бірлігі мен елдің тұтастығын сақтауға үлкен үлес қосты. Дәстүрлі әдет-ғұрыптарымыз бен заңдарымыздың жинағы "Жеті Жарғының" жазылып, қабылдануына да зор еңбек сіңіргені тарихтан белгілі. Әйгілі Абылай ханның ел тізгінін ұстайтын тұлға болып қалыптасуында Төле бидің рөлі ерекше болғанын білеміз. Ақыл-парасатымен әділ шешімдер шығарып, үлкен даулардың алдын алып отырған бабамыз бар қазақтың басын қосуды басты мақсат тұтқан еді. Төле би айтқан сөздер бүгінде бүкіл ұлтымыз үшін үлгі-өнеге екені даусыз", - деп жазды Сенат төрағасы.

Осы орайда М. Әшімбаев қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тарихи санамызды жаңғырту және ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу жұмыстарына басымдық беріліп отырғанын атап өтті.

"Осы тұрғыдан келгенде, Төле би бабамыздың өмірі мен өсиеттеріне де ерекше назар аударғанымыз жөн. Бұл тарихымызды тану және шежіремізді зерттеу жолындағы маңызды қадамдардың бірі болары анық. Сондықтан алдағы уақытта тарихшыларымыз осы бағытқа да басымдық береді деп сенеміз", - деді Сенат спикері.

Еске сала кетейік, 4 маусым күні Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Өзбекстанға ресми сапары аясында осы елдің Президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу