Мәулен Әшімбаев жастармен пандемияға қатысты өз пікірін бөлісті

612

Онлайн форматта "Жаңа жағдайдағы жастар: іс-қимыл кезеңі" тақырыбында "ZEREN" республикалық жастарға білім беру жобасының жабылуы өтті, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.  

Мәулен Әшімбаев жастармен пандемияға қатысты өз пікірін бөлісті

Жиында сөз алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысушыларды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтап, жастардың егемендікті сақтаудағы және мемлекеттілікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.

"Желтоқсан – халқымыз үшін қастерлі ай. Сондықтан бұл ай тек той-думанға себеп болмауы керек. Керісінше, желтоқсанда өткеннен өнеге алып, бабаларға тағзым етіп, тәуелсіздіктің қадірін зерделеуіміз қажет. Әсіресе, өздеріңіздей жастар елімізді нығайту және дамыту үшін жұмыс істеуге тиіс. Жастардың ең басты миссиясы – елге қызмет ету, елді жаңа белестерге жеткізу. Елге қызмет ету деген билік тұтқасын ұстап, шенеунік болу деген сөз емес. Сіздер әрқайсыңыз өз салаларыңызда жетістікке жетіп, биіктен көрінсеңіздер – елдің дамуына қосылған ең үлкен үлес сол", – деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаев пандемия сабағына қатысты өз пікірін бөлісті. Атап айтқанда, ол қоршаған орта мен материалдық ресурстарға ұқыпты қараудың маңыздылығына тоқталды.

"Табиғат пен қоршаған ортаға деген көзқарас өзгеруі керек. Ел Президентінің тікелей қатысуымен бүгінде экологиялық қозғалыс қарқын алуда. Мемлекет басшысының бұл бастамаларын қолдау маңызды. Адамдардың және бүкіл мемлекеттің күнделікті өміріне Sustainable Development – орнықты даму қағидаттарын енгізу қажет. Пандемияның басты қорытындыларының бірі – табиғатқа ұқыпты қарауды дамытып, тұтынушылық мінез-құлық үлгілерінен арылу", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасының пікірінше, биылғы жылдың тағы бір сабағы – күнделікті өмірде адами қатынастарға басымдық беру. "Пандемия кезінде елімізде қиын жағдайға тап болған жандарға риясыз көмектесуге дайын жауапты адамдар көп екеніне бәріміз көз жеткіздік. Кеше ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы еріктілер жылының жабылуында бұл туралы жан-жақты айтқан болатын. Расында да, біз отандастарымыздың игі істерімен мақтана аламыз. Біздің қоғам, шын мәнінде өте жауапты екенін және қазақстандықтар қандай да бір адамдар тап болатын проблемаларға немқұрайлы қарай алмайтынын көрсетті", – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, Сенат спикері пандемия салауатты өмір салтын қалыптастыру қажеттілігін көрсеткенін атап өтті. Әсіресе, иммунитетті көтеруге назар аударып, жаман әдеттерден бас тарту және спортпен шұғылдану маңызды екеніне тоқталды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу