Биыл маусым айынан бастап электронды денсаулық паспорты енгізіледі. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды Интерфакс-Қазақстан.
"2018 жылдың маусымында итеграциялық алаң, соның ішінде электронды денсаулық паспорты мен пациенттің жеке кабинетін пилоттық енгізу жоспарланып отыр", - деді ол бүгін мәжілістегі "үкімет сағатында".
Министрдің айтуынша, электронды паспорттың көмегімен дәрігерлер науқастың денсаулығы туралы толық ақпаратқа қол жеткізеді. Сонымен қатар бұл паспорт медициналық қызмет алу үшін пациентке де тиімді болмақ.
Сондай-ақ, бірнеше айдан кейін еңбекке жарамсыздық парағын еgov.kz арқылы алу мүмкін болмақ.
"Бірінші тоқсанның соңына қарай электронды үкімет порталы арқылы уақытша жұмысқа қабілетсіздік парағын, сонымен қатар туберкулезге қарсы, психоневрологиялық және наркологиялық ұйымдарда есепте тұрғаны туралы анықтама алу мүмкін болады", - деді министр.