Маусым айында 2 800-ге жуық алтын құйма сатылды

Алтынға сұраныс, әдеттегідей Алматы қаласында жоғары. 

Маусым айында 2 800-ге жуық алтын құйма сатылды Фото: inbusiness.kz

2023 жылдың маусым айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктерінде жалпы салмағы 123,4 келі 2 791 алтын құйма сатылды, деп жазады inbusiness.kz. 

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. 

Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 4,5 тонна 132 396 алтын құйма сатылды.

Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. 

Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі 26% – 34 526  дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 30 034 дана (23%), 100 грамдық құйма – 27 626  дана (21%), 20 грамдық құйма - 24 327  дана (18%), және 50 граммдық құйма – 15 883 дана (12%). 2023 жылғы маусымда алтын құймалар мына өңірлерде ең көп сатылған: Алматы (1 404 дана, 50%), Шымкент (627 дана, 22%) және Астана (168 дана, 6%).

Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама  басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 599,9 келі 22 848 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 17%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Әрбір құйма қорғау элементтерімен қапталған (құйманың айна беті, микротекст және жиегі бар) және арнайы қорапқа салынып шығады, сол арқылы құйманың ашылған-ашылмағанын оңай тексеруге болады. Қорғап тұратын қорап, сондай-ақ сапа сертификаты болып саналады. Сондықтан, алтын құйманы ұқыпты сақтап, қорабын бүлдірмеуге кеңес береміз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу