Маусым айында Ұлттық қордағы валюталық активтерге қандай факторлар әсер етті?

Ұлттық қордың инвестициялық кірісі маусым айында шамамен 850 млн АҚШ долларын құрады.  

Маусым айында Ұлттық қордағы валюталық активтерге қандай факторлар әсер етті? Фото: stan.kz

Бұл туралы Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Маусым айының соңында Ұлттық қордың валюталық активтерінің көлемі алдын ала деректерге сәйкес, өткен айда шамамен 600 млн АҚШ долларына ұлғайып, 59,8 млрд АҚШ долларын құрады", – деді ҰБ өкілі.

Бұл ретте ол әлемнің жетекші  Орталық банктері әлі де ақша-кредит саясаттарын қатаңдату бағытын ұстанып отырғанын жеткізді.

"Алайда дамыған елдердегі экономикалық белсенділіктің әлсіреуінің күтілгеніне қарамастан, макроэкономикалық көрсеткіштер орнықты болып қала береді және нарыққа қатысушылардың болжамдарынан асып түседі. Осының нәтижесінде маусымда акциялар нарығында өсу байқалды. Мәселен, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі маусым айында шамамен 850 млн АҚШ долларын құрады", – деді сарапшы.

Өткен айда Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 279 млрд теңге аударылды. Осы мақсатта ішкі валюта нарығында 550 млн АҚШ доллары көлеміндегі шетел валютасы біркелкі сатылды.

Бұл ретте Ұлттық қордың шоттарына валюталық түсімдер маусым айында 310 млн АҚШ долларын құрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу