Мажарстан билігі Украинаның Еуроодаққа кіруіне қарсы

157

Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбан жексенбі күні Украина Президенті Владимир Зеленскийдің сынына қатты жауап қатқан.

Мажарстан билігі Украинаның Еуроодаққа кіруіне қарсы Фото: nytimes.com

Зеленский бір күн бұрын Будапештті "Украинаның Еуропалық Одаққа кіруіне тосқауыл қойып отыр" деп айыптаған болатын, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Еуропалық басылымдардың жазуынша, 3 мамырда Украина Президенті Владимир Зеленский Венгрия үкіметінің басшысын қатты сынға алған.

Оның айтуынша, Орбан "өте қауіпті әрекеттерге" барып отыр. Зеленскийдің пікірінше, Орбанның Украинаның Еуропаға интеграциясын бұғаттауы 2026 жылғы алдағы сайлау алдындағы ішкі саяси күреске Украинаны тартумен байланысты.

"Кеше президент Зеленский венгр халқына үндеу жолдады. Құрметті президент мырза! Венгр халқының не ойлайтынын Киевтегі президент немесе Брюссельдегі бюрократтар шешпейді", – деп жазды Орбан әлеуметтік желіде украин президентіне жауап ретінде.

"Венгриясыз Украина ЕО-ға мүше болмайды. Бұл мәселеге қатысты әр венгр азаматы өз пікірін айтуға құқылы. Бұл сізге ұнай ма, ұнамай ма – бізде осылай", – деп қосты венгр премьер-министрі.

Сондай-ақ, Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто да Зеленскийдің мәлімдемесіне қатаң жауап қайтарды.

Сийяртоның айтуынша, Зеленский "барлық венгр азаматтарының Украинамен Еуроодаққа жедел кіру мәселесіне қатысты өз пікірін айтуға толық құқығы бар екенін мойындауы керек".

"Өйткені шындық сол: Украина біз мүше болып отырған одаққа қосылғысы келеді. Сондықтан Киев өз сөзіне сай келетін әдепті үн қолдануы керек", – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Венгрияда 14 сәуірде Украинаның Еуропалық Одаққа мүше болуына қатысты жалпыхалықтық сауалнама басталды.

Сауалнама парақтары пошта арқылы таратылып жатыр. Маусым айында бұл сауалнама аяқталғаннан кейін оның нәтижелері Брюссельге жіберіледі.

Бұған дейін Виктор Орбан "Украина ЕО-ға 2030 жылға дейін мүше болуды қалайды, бірақ түпкілікті шешімді Венгрия қабылдайтынын" айтқан.

Оның сөзінше, Украинаның ЕО-ға кіруі венгр экономикасын күйретуі мүмкін.

Сонымен қатар, Орбан Еуроодақтың шын мәнінде Украинаға көмектескісі келмейтінін, керісінше, оны отарлағысы келетінін және Киевті Ресеймен соғысты жалғастыруға мәжбүрлеп отырғанын мәлімдеген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу