Қазақстанда бизнес жүктемені азайтудың 10 тетігі енгізіледі

377

Еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Қазақстанда бизнес жүктемені азайтудың 10 тетігі енгізіледі Фото: inbusiness.kz

Парламенттің төменгі палатасы елдегі бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров таныстырды.

"2021 жылғы 30 желтоқсанда кәсіпкерлік қызмет саласындағы жаңа реттеушілік саясат мәселесі бойынша заң қабылданды. Үкімет қабылдаған заңды іске асыру мақсатында кәсіпкерлік саласында "таза парақтан" реттеуді енгізу жөніндегі жұмысты екі бағытта жүргізіп жатыр. Біріншісі – мемлекеттік бақылаудың жаңа жүйесін енгізу, екіншісіне бизнес үшін маңызды емес талаптарды қысқарту есебінен әкімшілік жүктемені азайту кіреді. Мемлекеттік бақылау және қадағалау жүйесін реформалау шеңберіңде бизнесті жазалаудан құқық бұзушылықтың алдын алуға көшу көзделген", - деді ведомство басшысы.

Оның сөзінше, заңды іске асыру мақсатында 326 түзетуді қамтитын заң жобасы әзірленген.

Әлібек Қуантыров бүгінде жекелеген салалық заңдарда жедел ден қою шараларын қолданудың шарттары мен тәртібі белгіленбегенін баса айтты.

"Таза парақтан" реформасы шеңберінде Кәсіпкерлік кодексінің 136-бабында, егер Қазақстан Республикасының заңдарында жедел ден қою шараларын қолдану тәртібі болмаса, оларды қолдануға тыйым салу белгіленген. Осылайша заңға тәуелді акт деңгейінде мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүргізу тәртібін белгілеуге тыйым салынады", - деді ол.

Осыған байланысты ұсынылып отырған заң жобасында заңдар деңгейінде 10 салада жедел ден қою шараларын қолдану тетіктері айқындалады. Оған халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы; өсімдіктер карантині; сәулет, қала құрылысы және құрылыс; сауда мақсатында теңізде жүзу; ішкі су көлігі; жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану салалары кіреді. 

Сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы; орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласы; ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласы және атом энергиясын пайдалану саласы да бар.

Құжатпен 82 заңнамалық актіге, оның ішінде 7 кодекс пен 75 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу