Мәжіліс Цифрлық кодекс жобасы мен оған ілеспе түзетулерді жұмысқа алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құжатты депутат Нұртай Сабильянов таныстырды. Жаңа кодекс Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген.
"Осы кодекстің жобасына, сондай-ақ ілеспе заң жобаларына Парламент депутаттары бастамашылық етті. Цифрлық кодекстің жобасы 10 тараудан тұрады. Кодекс жобасы жобалары цифрлық ортадағы қатынастарды, оның ішінде құқықтық қатынастар объектілерінің түрлері, цифрлық орта субъектілері, цифрлық сәйкестендіру және бақылау, тәуекелдерді басқару бойынша мәселелерді реттеуге, цифрлық ортада жеке адамның, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Бұдан басқа ілеспе заң жобаларында мемлекеттік қызмет көрсетудің қағидаттарын айқындау және сақтау жөніндегі толықтырулар, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамалық актілерде белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделіп отыр", – деді мәжілісмен.
Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті құжатты жұмысқа алды.
Айта кету керек, бұған дейін Мәжілістің жаңа депутаты ант бергенін жазғанбыз.