Парламент Мәжілісінің депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын талқылайды, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Заңының жобасын әзірледі. Бұл құжат Жер және Орман кодекстеріне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" және "Жайылымдар туралы" заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді", – деді Мәжіліс депутаты Берік Оспанов.
Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді пайдаланбағаны үшін шаралар күшейтіліп, халықтың қажеттілігіне арналған жайылымдарды ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады.
"Шалғайдағы жайылымдарды суаруға жұмсалатын шығындарды субсидиялау арқылы жайылым пайдаланушыларды мемлекеттік қолдау нормалары қарастырылған. Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге дайын", – деді Берік Оспанов.