Мәжіліс депутаттарының сайлауы конституциялық мерзімге сай тағайындалды

1120

ОСК төрағасы сайлау еліміздегі аса маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі екенін айтты. 

Мәжіліс депутаттарының сайлауы конституциялық мерзімге сай тағайындалды

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы (ОСК) Берік Имашев мәжіліс депутаттарын сайлауға қатысты мәлімдеме жасады. 

"Президенттің жарлығына сәйкес, бүгіннен бастап Мәжіліс депутаттарын сайлау бойынша науқан басталды. 2016 жылғы 20 наурызда сайланған мәжіліс депутаттарының конституциялық өкілеттік мерзімі 2021 жылғы наурызда аяқталады. Сайлау заңнамасына сәйкес, Президент мәжіліс депуттарының кезекті сайлауын олардың өкілеттігі аяқталардан 5 ай бұрын тағайындайды және ол 2 айдан кешіктірмей өткізіледі. Парламент мәжілісі депутаттарының сайлау науқаны белгіленген конституциялық мерзімге сәйкес тағайындалды және ол кезекті сайлау болып саналады", – деді төраға. 

Берік Имашевтің айтуынша, сайлау – еліміздегі аса маңызды қоғамдық-саяси оқиғалардың бірі.

"Дәл осы заң шығарушы орган мемлекет тетігінде басымдыққа ие және тек парламент қана заң арқылы халықтың еркін білдіре алады. Мәжілістің 98 депутатын сайлау партиялық тізім бойынша жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бірдей тең әрі төте сайлау құқығы негізінде жүзеге асырылады. Мәжілістің 9 депутатын халық бірлігін, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты нығайтудың негізгі институты болып саналатын Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. Мәжілісті қалыптастырудың бірден бір принципі ассамблеяның мәжілістегі өкілдігі – ол біздің конституциялық ерекшелігіміз. Ассамблея депутаттары 100-ден астам этнос атынан баршаның мүддесін қорғайды. Олардың мүддесі партиялық көзқараспен байланысты емес, сондықтан ол жоғары заң шығарушы органның кең ауқымды қызметі аясында барлық фракциялармен тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді", –  деді ОСК төрағасы. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу