"Қазақстанның Халық партиясы" фракциясының депутаты Магеррам Магеррамов Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің атына елдегі дәрігерлер тапшылығы бойынша депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz.
"Әлем бойынша дәрігерлердің тапшылығы байқалып отыр. Жақын арада бұл көрсеткіш 13 миллионнан асуы мүмкін. Бұл Қазақстанға да қатысты. Қазіргі таңда еліміздегі өзекті мәселенің бірі – жоғары білікті медицина кадрларының жетіспеушілігі. Мысалы, 2020 жылдан бері елде дәрігерлер тапшылығы мәселесі сақталып отыр. Бұл көрсеткіш 5 мың адамнан асты. Отандық денсаулық сақтау жүйесінде анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер, эпидемиологтар, жалпы тәжірибе дәрігерлерінің тапшылығы байқалады", - деді депутат.
Оның сөзінше, бұл жағдай мемлекеттік органдармен білім беру бағдарламаларын жасау кезінде келісімнің болмауынан немесе түсінбеуі салдарынан туындап отыр.
"Мысалы, Алматы облысында 2017 жылдан бастап облыс бойынша дәрігерлердің жетіспеушілігін толтыру мақсатында отандық медициналық жоғары оқу орындарына жергілікті атқарушы органдардың гранттары бөлінеді. Бірақ мәселе тек "бакалавриат" курсының бірінші сатысына бөлінуінде жатыр. Осы тұста толыққанды медициналық маманды шығару туралы, интернатура қажет деп ешкім ойлаған жоқ. Қазақстанда медицина бакалавры дипломымен дәрігер болып жұмыс істеуге болмайды. Нәтижесінде біліктілік талаптары жоқ ЖОО түлектері тек "медбике" болып жұмыс істей алады. 5 жыл ішінде бір студентке жылына миллион теңгеден астам қаржы не үшін жұмсалады? Ең соңында одан кіші медицина қызметкері шығуы үшін бе?", - деп атап өтті ол.
Депутаттың айтуынша, бұлай дәрігерлер тапшылығы мәселесі шешілмейді.
"Үкімет жоғарыда аталған мәселені шешуге баса назар аудару қажет деп есептейміз", - деп түйіндеді "Қазақстанның Халық партиясы" фракциясының депутаты.