Мәжіліс депутаты елімізде электронды темекіні сатуға толығымен тыйым салуды ұсынды

802

Электронды темекі бұйымдары республикамызда бақылаусыз сатылып жатыр. 

Мәжіліс депутаты елімізде электронды темекіні сатуға толығымен тыйым салуды ұсынды Фото: DW

Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа жастар арасында электронды темекі мен вейптердің таралуына қатысты депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz. 

Оның сөзінше, елімізде электронды темекі бұйымдары бақылаусыз әрі барлық сауда орындарында қолжетімді бағада сатылып жатыр. "Вейптің" бағасы орта есеппен 2 мың теңгеден аспайды.

"Қаржы министрлігінің мәліметінше, никотинді тұтынудың электрондық құралдарының нарығы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 292 есеге артты. Сонымен бірге бұл өнімді әкелудің заңдылығы күмән туғызады. Аталған жылдар ішінде СЭҚ ТН 85434000000 "Осы топтың басқа жерінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр машиналары мен аппаратурасы" кодымен жүргізілген 10 006 432 АҚШ доллары сомасына 2 954 182 дана электрондық темекі әкелінді. Бұл код акцизделмеген және мемлекеттік бюджетке 3 млн данаға жуық өнімнен акциздік түсімдер түспегенін білдіреді", - деді депутат Нұргүл Тау.

Халық қалаулысының айтуынша, электронды темекіге тәуелділік – балалар мен жастарды құқық бұзушылық пен қылмыс жасауға итермелейтін фактордың бірі.

"Салдарынан оқу орындарында оқушылар, студенттер арасында буллинг белең алуда. Тәуелділік құрбаны болған жастар көп жағдайда электрондық темекіге немесе басқа  мақсаттарына қол жеткізу үшін қылмысқа барады. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ресми деректеріне сәйкес, елде былтыр кәмелетке толмағандар 1735 қылмыс жасаған. Қылмыстық құқық бұзушылықтардың ішінде ұрлық – 782 факт, алаяқтық – 166, тонау – 154, ұсақ ұрлық – 93, бұзақылық – 81. Сондай-ақ,  елімізде темекі кесірінен жыл сайын 18 мыңға жуық адам көз жұмады. Себебі темекі адам өміріне қауіпті ауруларды қоздырады", - деді халық қалаулысы.

Осыған байланысты депутат елімізде вейптер мен оның басқа түрлерін сатуға толығымен тыйым салу мүмкіндігін қарастыруды, электронды темекілердің, оның ішінде вейптердің жарнамасына тыйым салып, жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу