Мәжіліс депутаты есірткі саудасының артында жоғары лауазымды тұлғалар тұрғанын айтты

718

Қазақстанда нашақорлардың есебінде 18 мыңнан астам адам тіркелген. 

Мәжіліс депутаты есірткі саудасының артында жоғары лауазымды тұлғалар тұрғанын айтты Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Руслан Берденов елімізде есірткімен күреске арналған 5 жылдық кешенді жоспар әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Мені тамырын кең жайған синтетикалық есірткі кесірінен болашағына балта шауып жатқан азаматтардың тағдыры алаңдатуда. Бүгін синтетикалық есірткі қолжетімді. Алу үшін интернет және гаджет болса болды. Қазақстанда нашақорлардың есебінде 18 мыңнан астам адам тіркелген. Елімізде 2023 жылы 1 млн граммнан астам есірткі тәркіленсе, биыл 8 айда 900 мың граммға жеткен. Есірткіні сатуға байланысты 3145 адам қылмыс жасап оның 2560-ы сотталып кеткен. Бұл қарқынмен 10 жылда 1 ауылдың тұрғындарына тең адам сотталып кетпек", - деді Руслан Берденов.

Халық қалаулысы Мәжіліс отырысында Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің атына депутаттық сауал жолдады.

Оның мәліметінше, бүгінде 37 мыңнан астам сотталғандардың 8% есірткі қылмысына қатысты жазасын өтеп жатыр.

Халық қалаулысын есірткі қылмысының жетегіне ерген азаматтардың жас мөлшерінің 16-17 жасқа төмендеуі мен әйел қылмыскерлер санының өсуі алаңдатады.

Одан әрі Мәжіліс депутаты Премьер-Министрдің назарына нашақорлыққа қатысты қоғамды толғандыратын сұрақтарын жолдады.

Бірінші: Еліміздің аймақтарында жасырын есірткі лабораториялары қарқынды жұмыс істейтіні және оларды түрлі органдар қорғайтыны жайлы пікір қалыптасқан. Осы бағытта тексеру жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

Екінші: Есірткінің елге кіру көздерінің бірі шекара болғандықтан, Шекара қызметі қажетті материалдық-техникалық құралдармен қаншалықты сапалы жабдықталған?

Үшінші: Есірткі сатуға қолданылатын шетелдік мессенджерлерде есірткі сатуды ұйымдастырушылар жайлы қанша ұсыныс жолданып, қаншасы қолданды, қаншасы қараусыз қалды? Олармен ынтымақтастық қай деңгейде?

Төртінші: Есірткінің жаңа түрлерін анықтайтын заманауи сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық жабдықталуы және сараптама мерзімін қысқарту жұмысы қаншалықты толық атқарылуда?

Бесінші: Біз есірткімен күресті қаржы сауаты төмен, білімі жоқ, әлеуметтік жағдайы нашар "закладчиктермен" шектеліп отырмыз? Қоғам неге осы балаларға есірткі сатуға итермелеп отырған қылмыстық топтардың ұсталғанын естімейді? Бүгін біз мәселенің салдарымен күресудеміз.

"Осы топтардың артында жоғары лауазымды мүдделі тұлғалар бар екен анық. Осыған орай нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған 5 жылдық кешенді жоспарда Ішкі істер, Әділет, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Цифрлық даму министрліктері, Шекара қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне нақты шараларды бекітіп, алдын алу, себептерін анықтау және салдарымен күресуге қатысты толықтыруларды бірлесіп енгізуді ұсынамын", - дейді Р. Берденов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу