Мәжіліс депутаты ойыны қанбаған ойсыздардың іс-әрекетін оңдырмай сынады

Халық қалаулысы Мақсат Толықбай көпшілікті қоғамдағы жөн-жосықсыз жасалып жатқан "пранк" атты құбылысты тоқтатуға шақырды. 

Мәжіліс депутаты ойыны қанбаған ойсыздардың іс-әрекетін оңдырмай сынады Фото: Мәжіліс

Ішкі істер министріне жолдаған депутаттық сауалында ол ойыннан от шығатынын, бұлай жалғаса берсе, зардабы қатты болатынын ескертті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Жақында Меркіде болған жағдай қоғамды қатты үрейлендірді. Шымкенттегі мотомаусымның ашылуынан қайтып бара жатқан мотоциклшіге бір қаскөй жанармай бекетінде екі рет пышақ сұққан. Бәрі бейнежазбада бар. Артынша байкердің шетел азаматы екені белгілі болды. Қазақ "үйіңе келгенге, үйдей өкпенді айтпа" деуші еді. Ал әлгіндей әрекеттер Қазақстанның имиджіне есепсіз нұқсан келтірді. 

Жылдар бойы "турист шақырамыз" деп еткен еңбек еш кетті дей беріңіз. Тал түсте бейнекамераларды көре тұра адамды пышақтап кету қоғамдағы қауіпсіздікке қатысты үлкен сұрақ тудырады. 

Желідегі жұрт "айналадағы адамдар неге дереу араша түспеді" деген сауал қойыпты. Мұның жауабы алуан, бірақ бір мәселе бар. Ол – қазір "пранк" аталып кеткен құбылыс. Интернетті ашып қалсаң, парақшаны басып қалсаң алдымен пышақтасып, артынша құшақтасып жүргендерді көресің. Жұрттың көзінше жанжалдасып, төбелес шығарып, дереу қалталарынан пышақ алып шығып оны бір-біріне сұғып құлап елдің есін алатындар бар. Санаулы минуттан соң "бұл пранк" деп түк болмағандай қарқ-қарқ күледі, – деп ашынды М.Толықбай. 

Әлгі пранктағы пышақтың еш сиқыры жоқ, ойсыздардың қолындағы қару – кедергіге тап болғанда жүзі ішіне кіріп кететін пышақтар. "Енді бейтаныс біреу пышақ ала жүгірсе, "Бұл шын ба әлде пранк па? Қолындағы пышақ шынымен жаралай ма, әлде жүзі ішіне кіріп кете ме?" деп күтіп тұру керек пе?" дейді депутат. Сондықтан да, ол "ойыны осылғандарды жазалау керек, жұртты қорқытып, оны желіге жүктейтіндерді жүгендеу керек" деген пікірде. 

– "Ойыннан от шығады" дегенді бала кезден біліп өстік. Сол отты үрлеп жүргендерді құқық қорғау орындары жауапқа тарту керек. Әлгіндей ойыны қанбаған ойсыздардың ойыншығын сатылымнан алып тастау қажет! Бұл қоғамның қауіпсіздігі үшін керек. Жауапты органдар айыптының заңға сәйкес жазасын алуын қадағалауы қажет. 

Екінші мәселе, арнайы жасақтың киімін киіп алып, той-туған күндерге барып елдің есін алатындарға қатысты. Желіден жұрт жаппай көріп жүр. Арнайы жасақтың киімін киіп, қолына қару алғандар азаматтарды құрықтап, қолына кісен салып, өтірік қызметтік құжат көрсетіп, оны далаға алып кетіп әбден қорқытады. Соңында "бәрі баяғы пранк" деп шығады. Арнайы қызметтің операциясын қалжыңға айналдыру, солардың киімін кию, адамды бас бостандығынан айыру, бұл қандай ойын? – деп сұрау салды Мақсат Толықбай. 

Мәжіліске келген ІІМ вице-министрі "олардың киімі арнайы қызметтің киімінен айнымайды деу дұрыс емес" деп айтқан. Солай болған күннің өзінде, елең-алаңда бетпердемен кіріп келген бір топ адамның киімі арнайы жасаққа ұқсай ма, жоқ па оны жұрттың ажырата алмайтыны түсінікті. Шындығында елдің көбі арнайы жасақтың шын киімі қандай болатынын да толық білмейді. 

– Қалжыңдамақ болған адамның қан қысымы көтеріліп кетсе, жүрек талмасы ұстаса, оған кім жауап береді? Түптің түбінде сөз құқық қорғау орындарына келеді. 

Сондықтан, адам қорқытып, қоғамды қауіпті қылып көрсетіп оны желіге жүктегендерді жүгендейтін кез келді.

Осы айтылғандарды ескере отырып, уәкілетті министрлік аталған контенттің авторларын тауып, қатаң ескерту жасап, қолындағы қаруын тәркілеуі керек деп санаймыз, – деп сөзін қорытындылады депутат. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу