Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова Төтенше жағдайлар министрлігінің жұмысына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Біз әрдайым кез келген мемлекеттік органның іс-әрекетіне баға береміз. Бүгін мен сіздің министрліктің (ред. – Төтенше жағдайлар министрлігі) жұмысын 0-ден 5 балға дейін емес, 0-ден минус 5-ке дейін бағалағым келіп отыр. Жұмыстарыңызды минус 5 балға бағалаймын. Өрт кезінде адамдар, құтқарушылар қаза болып жатыр. Бұл министрлік жұмыс істеп жатқан жоқ дегенді білдіреді", - деді Мәжіліс депутаты.
Ажар Сағындықова ведомствоның негізгі міндеті адамның өмірін түрлі қауіп-қатерден қорғау екенін баса айтты.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов депутаттың бағасын қабылдайтынын жеткізді.
"Өзімді қоспағанда, вице-министрден бастап қатардағы қызметкерлер, әскери қызметкерлерге дейін өзіне жүктелген міндеттерді күндіз-түні толық көлемде атқарып жүр. Түрлі өзекті мәселелерге, жүйедегі отыз жылдық қиындықтарға қарамастан, біз нәтижелі жұмыс істеп отырмыз. Бұл – адал қызмет етіп жүргендердің жеңісі. Меніңше, мереке қарсаңында оларға осындай бағаның берілгені ұнай қоймайды", - деді ведомство басшысы.
Мәжіліс депутаты Ажар Сағындықова тиісті баға қызметкерлерге емес, Төтенше жағдайлар министрлігіне берілгенін нақтылады.