Мәжіліс геологиялық барлауға қатысты заңға Сенат енгізген түзетумен келісті

946

Жалпы, отырыста палата депутаттары осы ұсынысқа қатысты қолдау білдірді. 

Мәжіліс геологиялық барлауға қатысты заңға Сенат енгізген түзетумен келісті Фото: inbusiness.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңына Сенаттың жаңа редакцияда ұсынған жекелеген баптарымен келісті. Бұл туралы inbusiness.kz сайты хабарлайды.

Жалпы, қаралып отырған заңға Парламент Сенатының депутаттары бірқатар нақтылау түзетулерін енгізді. Бұл ретте, 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған шарттар мен берілген лицензиялар бойынша, Мемлекеттік комиссияның функцияларын сақтау ескерілген. Сондай-ақ, пайдалы қатты қазбалардың ресурстары мен қорларын бағалау туралы есепте жер қойнауы және жер қойнауын қолдану туралы мәліметтерді жасыратын немесе жалған мәліметтер беретін адамдар үшін жауапкершілік белгіленген.

"26 желтоқсанда Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген отырысында Сенаттың түзетулері талқыланып, бірауыздан қолдау жасалды. Осы ретте, біздің комитет аталған заңға Сенат енгізген түзетулермен келісуді ұсынды", - деп түсіндірді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Сонымен қатар, отырыста палата депутаттары осы ұсынысқа қатысты қолдау білдірді.

Айта кетейік, жақында Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңы екінші оқылымда қаралды. Сенат заңның жекелеген баптарын жаңа редакцияда ұсынып, оны Мәжіліске қайтарған.

"Заңды Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында қарау барысында геологиялық барлауға инвесторларды тарту мақсатында жаңа кен орындары үшін KazRC халықаралық стандарттарын ендіре отырып, 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған және берілген пайдалы қатты қазбаларды өндіруге арналған келісімшарттар мен лицензиялар үшін ғана Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысын сақтау бөлігінде түзетулер енгізілді", - делінген Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу