Мәжіліс Қазақстан мен Қасиетті тақ арасындағы қосымша келісімді ратификациялады

842

Құжат католик шіркеу қызметшілерінің елімізде тұру тәртібін реттейді. 

Мәжіліс Қазақстан мен Қасиетті тақ арасындағы қосымша келісімді ратификациялады Фото: senate.parlam.kz

Мәжіліс отырысында "1998 жылғы 24 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы Өзара қатынастар туралы келісімге Қосымша келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қабылданды, деп жазады inbusiness.kz. 

"Заң жобасы – Қазақстан мен Қасиетті тақ арасындағы қосымша келісімді ратификациялау туралы. Бұл келісімге Рим папасы Францисктің Қазақстанға былтырғы іссапары барысында қол қойылды. Аталған шарт католик шіркеу қызметшілерінің санатын, тиісті субъектілерін және құзыретті органдарын нақтылайды. Тұрақты тұру тәртібі жеңілдейді. Атап айтқанда, банк шотында ақша болуын, тұратын жерін растау туралы талаптар алынып тасталады. Олардың орнына католик шіркеуінің жазбаша растауы жеткілікті болады. Аталған ұсыныстар конфессияаралық келісімді нығайтуға, халықаралық деңгейдегі еліміздің құқықтық мемлекет ретінде абыройын арттыруға септігін тигізеді деп есептейміз", - деді ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

"ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің дерегінше, биылғы 1 тоқсанда ҚР аумағына Ватиканның үш азаматы келіп кеткен. Өткен жылы 63 азамат, 2021 жылы 4 азамат келген екен. Соңғы 10 жылда Ватикан азаматтары Қазақстанда тұрақты тұруға, қалуға және азаматтық алу мәселелері бойынша өтініш білдірмеген. Биыл елімізде болу қағидасын бұзған үшін де әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Осы қосымша келісім бізге қаншалықты қажет?", - деп сұрады депутат Максим Рожин.

Марат Ахметжановтың сөзінше, 63 адам Рим папасының елімізге жасаған сапары аясында визалық реттеумен кірген.

"Қазіргі келісімшарт қажет. Бізде миссионерлік атқарып жатқан конфессияның қызметкерлеріне жағдай жасау барысында жасалып жатыр", - деп жауап берді ведомство басшысы.

Қатысып отырған 96 депутаттың ішінде 1 депутат жауап бермеді, 87-сі заң жобасын жақтады. Тағы 7 депутат қалыс қалса, ал біреуі қарсы болды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу