Парламенттің төменгі палатасында "2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Заң жобасы қабылданды.
"2018 жылы 1 қаңтарда Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа кеден кодексі күшіне енді. Оны ескере отырып, мүше мемлекеттердің барлық қажетті нормативтік-құқықтық құжаттарын өзектендіру қажеттігі туындады. Осыған орай 2021 жылғы 19 қазанда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық одақтың 5 елінің басшылары арнайы экономикалық аймақтар бойынша келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойды. Хаттамада заңдық және редакциялық сипаттағы өзгерістер енгізу, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одағының кеден кодексінің нормаларына сәйкес негізгі терминология және кедендік реттеу мәселелерін сәйкестендіру көзделген", - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев.
Оның сөзінше, құжатқа негізгі 3 өзгеріс енгізу көзделіп отыр.
"Біріншісі – терминологиялық. Бүкіл хаттама бойынша қол қойылған келісімде екі сөз ауыстырылып отыр. "Кеден одағының комиссиясы" деген сөздің орнына "Еуразиялық комиссия" деген сөзге, "Кеден одағына мүше мемлекеттердің аумақтары" дегеннің орнына "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің аумақтары" деген сөзге ауыстырылып отыр. Екіншіден мысалы арнайы экономикалық аймақты резидент ретінде тіркелгеннен соң міндетті түрде БАҚ-та жариялануы керек еді. Бірақ қайда жарияланғаны нақты көрсетілмейтін. Бұл өзгеріске сәйкес, резидент болып тіркелгеннен соң міндетті түрде одақтың сайтында жариялануы керек. Үшінші мәселе – еркін кеден аймағының кедендік рәсімін реттеу, яғни Еуразиялық экономикалық одағының кеден кодексіне және дауларды шешу бойынша осы одақтың шартына сілтеме енгізіліп отыр", - деді ведомство басшысы.
Хаттаманың екінші бабына сәйкес, осы құжаттың заңды күшіне енуі үшін оны ратификациялау қажет, деді Марат Қарабаев.
Мәжіліс отырысына қатысып отырған 96 депутаттың 90-ы заң жобасын жақтап дауыс берді. Тағы екеуі қарсы дауыс берсе, төрт депутат қалыс қалды.