Мәжіліс коллекторлық қызмет туралы заң жобасын мақұлдады

897

Мәжіліс коллекторлық қызмет туралы заң жобасын мақұлдады

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.

Халық қалаулылары коллекторлық қызмет туралы және оған ілеспе заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы коллекторлық қызметті жүзеге асыру барысында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді.

Мәселен, берешекті өндіріп алу бойынша тиімділікті және қауіпсіздікті арттыру, борышкерлердің құқықтары мен мүдделерін коллекторлық агенттіктердің тарапынан заңсыз әрекеттерден қорғау, коллекторлық қызметтің ашықтығын арттыру және реттеу, тұрғындардың сенімін арттыру және әлеуметтік шиеленісті төмендету заң жобасының басты мақсаты болып табылады.

Заң жобасы аясында борышкердің өз берешегін сотқа дейінгі тәртіппен реттеу құқығы белгіленіп, борышкермен өзара іс-қимыл жасау жұмыс күндері тек 8.00-ден 21.00 сағатқа дейін, ал демалыс және мейрам күндері өзара іс-қимылға тыйым салынып отыр.

Осы күні әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі бойынша түзетулерге бағытталған заң жобасы екінші оқылымда депутаттар тарапынан қолдау тапты. Аталған заң жобасы өткен жылы бірінші оқылымда мақұлданған болатын.

Жұмыс барысында депутаттар әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын тұтынуды ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жатқызуға, кіші авиация пилоттары үшін медициналық куәландырудан авиациялық медициналық орталықта өтуін немесе авиациялық медициналық сарапшының өткізуін таңдау құқығын белгілеуге, пилотсыз ұшу аппараттарын, оларды есепке алуды жүргізу және пайдаланушыларға нақты талаптар белгілеу арқылы пайдалануды заңнамалық тұрғыдан бекітуге, жылына 300 мың адамнан аз жолаушыларға қызмет көрсететін әуежайларды табиғи монополиялар саласындағы қуаттылығы аз субъектілерге жатқызуға бағытталған түзетулер енгізді. Жалпы отырыста 1995 жылғы 20 қаңтардағы Ресеймен Эмбі полигонын пайдалану және жалға беру шарттары туралы келісімнің және 1996 жылғы 18 қазандағы Ресеймен Ембі сынақ полигонын жалдау туралы үкіметаралық шарттың қолданысын тоқтату жөніндегі шаралар туралы Қазақстан мен Ресей арасындағы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды.

Осы хаттамамен Қазақстан мен Ресей арасындағы Ембі полигонын пайдалану мен жалдау шарттары туралы келісім және осы полигонды жалдау туралы шарт 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданыстарын тоқтатады. Хаттамаға сәйкес Ресей Қазақстанға жер учаскелерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлікті жарамды жай-күйде қайтаруға тиіс. Тұтастай алғанда, екі ел арасында осы полигонды пайдалану бойынша даулар мен келіспеушіліктер үшін негіздер жоқ. Жалпы отырыста Палата мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне түзетулер енгізуге қатысты заң жобасын жұмысқа қабылдады.

Сонымен қатар, Азия Даму Банкімен қарыз туралы келісімді және 2015 жылғы 8 қыркүйектегі табиғи теріден жасалған киім заттары, киімге керек-жарақтар және өзге де бұйымдар тауар позициясы бойынша тауарларды бақылау белгілерімен таңбалауды енгізу жөніндегі пилоттық жобаны 2015-2016 жылдары іске асыру туралы келісімнің қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі хаттаманы ратификациялау туралы заң жобалары бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді. Ал, электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістерге қатысты заң жобасы бойынша жұмыс одан әрі жалғасатын болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу