Мәжіліс көші-қон процестерін реттеу бойынша Заң жобасын мақұлдады

1514

Заң жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеліп соқпайды.  

Мәжіліс көші-қон процестерін реттеу бойынша Заң жобасын мақұлдады

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары пленарлық отырыста "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң жобасын қарап, оны бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

Заңнамаға енгізілген түзетулерді халық қалаулыларына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов таныстырды. Ол өз сөзінде бұл заң жобасы Қазақстан Республикасының 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасына және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес әзірленгенін, сондай-ақ 3 кодекс пен 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратынын атап өтті.

Заң жобасының міндеттері көші-қон заңнамасын: Қазақстанға келген этникалық оралмандар мен иммигранттар үшін қолайлы жағдайлар жасау; ел экономикасының қажеттіліктерін қанағаттандыруға, қолайлы инвестициялық климат құруға бағытталған сыртқы еңбек көші-қонының тиімді жүйесін құру; халықаралық озық тәжірибені ескере отырып заңсыз көші-қонның алдын алу, көші-қон процестерін реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық базаны кеңейту бағыттары бойынша жетілдіру.

"Қолданыстағы заңнамаға сәйкес этникалық қазақтар оралман мәртебесін алу үшін Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін шет мемлекеттің аумағында тұру фактісін растауға тиіс. Іс жүзінде 1991 жылдан кейін дүниеге келген этникалық қазақтар мұндай құжаттарды бере алмайды. Осыған байланысты этникалық қазақтың бұрын ҚР азаматы болмағандығы басты критерий болады", – деп толықтырды Біржан Нұрымбетов.

Сондай-ақ, оралмандардың тұрақты түрде тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығын алуға бір мезгілде құжаттар беру құқығын заң жүзінде қарастыру ұсынылады.

Қоныс аударушыларды орналастыру, жұмыспен қамту және бейімдеу жөніндегі әлеуметтік қызметтер кешенін ұсыну мақсатында оралмандарға ғана емес, қоныс аударушыларға да бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін көрсету жөніндегі орталықтардың функциялары кеңейтілетін болады.

"Инвесторларға қолайлы жағдай жасау мақсатында шетелдік жұмыс күштері (бұдан әрі – ШЖК) басқа әкімшілік-аумақтық бірліктерге тартуға рұқсаттардың мерзімін ұзарту қарастырылған. Бұл жағдайда жұмыс беруші рұқсатта көрсетілген әр өңірдің бюджетіне салық төлеуі керек, сонымен қатар тиісті өңірлерде жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету туралы келісім болуы керек. Сондай-ақ, заң жобасы жоғары білікті шетелдік жұмысшылардың біліктілік куәлігі негізінде экономиканың басым секторларында дербес жұмыс істеуі үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді қарастырады, осы құзыретті ҚР Еңбекминінен жергілікті атқарушы органдар деңгейіне беру ұсынылып отыр", – деді Біржан Нұрымбетов.

Еңбекші иммигранттарды заңсыз кәсіпкерлік қызметке тарту фактілерінің көбеюіне байланысты еңбекші иммигранттарды ай сайын 8 АЕК салық төлейтіндей, ШЖК тартудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес "маусымдық жұмыскерлерді" теңестіру ұсынылады. Сонымен қатар, "маусымдық жұмыскерлер" жұмысқа қабылдауға болатын мамандықтардың тізімі анықталады.

Көші-қон процестері саласындағы құқықтық базаны кеңейту және заңсыз көші-қонның жолын кесу мақсатында төмендегілер ұсынылады.

Біріншіден, шетелдіктер үшін тұрақты тұруға рұқсат беру үшін 4 АЕК мөлшерінде мемлекеттік бажды енгізу.

Екіншіден, реадмиссия жөніндегі халықаралық ережелерді ұлттық заңнамаға имплементациялау ұсынылады.

Үшіншіден, атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі бар тұлғалардың ТМК-ге шығуы бойынша шектеулерді көздейтін толықтырулар енгізілсін.

Төртіншіден, ҚР азаматтығын ресімдеу тәртібін оңайлату үшін Қазақстан аумағында 1 жыл ішінде 183 күннен аз уақыт тұру және әкімшілік бұзушылықтардың болуы бойынша заңнамалық нормалар қолданылмайтын адамдар санатын (этникалық қазақтар, азаматтығы жоқ адамдар, 1974 жылғы үлгідегі КСРО төлқұжаттары бар адамдар, сондай-ақ тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы конвенция қолданылатын әйелдер) анықтау ұсынылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу